10.10.2006, 17:57 3250

Павлодарда әділет басқармасының қызметкері пара алғаны үшін ұсталды

ПАВЛОДАР. 10-қазан. Kazakhstan Today. Павлодар қалалық әділет басқармасының бас маманы пара алып жатқан сәтте ұсталды. Бұл туралы облыстық ҰҚКД-нің қызметкері Бекежан Қалқаманов баспасөз мәслихатында хабарлады.

27 жастағы мемлекеттік қызметкер Қазақстан азаматының төлқұжаты мен жеке куәлігін жедел жасап беру үшін ақша талап еткен. "Иділет басқармасының халықты тіркеу және құжаттандыру бөлімінің бас маманы өз қызметін 10 мың теңгеге бағалаған",- деді Б.Қалқаманов.

Күдікті қылмыс үстінде ұсталды. "Иділет басқармасының қызметкеріне тұтқындау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды",- деп хабарлайды ҰҚКД. Оған ҚР қылмыстық кодексінің пара алу жөніндегі 311-бабы бойынша айып тағылуда.

Жалпы алғанда қазан айының алғашқы онкүндігінде Павлодар облыстық ҰҚКД бөлімдері сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты үш деректің бетін ашты, деді Б.Қалқаманов.

Мәселен, 6-қазанда тергеушілер тобы соттар әкімшілігінің Павлодар қалалық аумақтық учаскесінің сот үкімін орындатушысын ұстады. 27 жастағы мемлекеттік қызметкер қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, сауда-саттық жүргізбестен 5 млн. теңге берешегі бар жеке меншік коммерциялық кәсіпорынның мүлкін басқа біреуге беріп жіберген. "Тәуелсіз бағалау нәтижесіне сәйкес, нысанның нарықтық құны 268 млн. теңгеден асады",- деп хабарлайды ҰҚКД. Сот үкімін орындатушының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "пайда табу үшін лауазым иесінің билігін асыра пайдалануы" жөніндегі 308-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Арнаулы қызмет сол күні Екібастұз аймақтық жол полициясы басқармасының жетекші маманын да ұстады. "Лауазым иесі бола тұра ол бір жеке тұлғаға бұрындары банкке кепілдікке қойылған автокөлікті тіркеуден шығаруға рұқсат берген",- деп хабарлайды ҰҚКД.

Тергеу ақпаратына сәйкес, жол полициясының 40 жастағы қызметкері коммерциялық банкке 52 мың доллар шығын келтірген. "Оған да билігін асыра пайдалану" жөніндегі айып тағылды.

Жалпы алғанда ҰҚК-нің облыстық департаменті мемлекеттік қызметкерлерге қатысты 13 қылмыстық іс қозғады. "Парақорлық пен лауазымдық құзыретін асыра пайдалануға қатысты бірнеше мәрте қайталанған деректер әділет басқармасы, салық комитеті, ішкі істер департаменті, қылмыстық -атқару жүйесі комитеті сынды мемлекеттік мекемелерде жиі кездесті",- делінді баспасөз мәслихатында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны