15.09.2006, 13:45 3070

Президент Алматыдағы аймақтық қаржылық орталықтың құрылысы салынатын жерге ескерткіш капсула орнатты

АЛМАТЫ. 15-қыркүйек. Kazakhstan Today. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыға жұмыс сапары аясында аймақтық қаржылық орталықтың құрылысы салынатын жерге ескерткіш капсула орнатты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бүгін таратылған баспасөз баянына сәйкес, қаржылық орталықтың құрылысы он фаза, үш кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңі мен бірінші фазасы 2007-жылдың аяғына дейін, екінші кезеңі 2008-жылдың аяғына дейін, үшінші кезеңі - 2009-жылдың аяғына дейін жүзеге асырылады. Алғашқы фазасында жалпы аумағы 160 мың шаршы метрді құрайтын төрт кеңсе ғимаратын салу көзделген. Жалпы алғанда қаржылық орталықта жалпы аумағы 1 млн. шаршы метрдң құрайтын 30 кеңкес ғимараты болмақ.

Алдын-ала болжам бойынша оған 2 млрд. доллар көлемінде инвестиция жұмсалмақ.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қаласындағы аймақтық қаржылық орталықты бірегей құқықтық режимдегі арнаулы аймақ түрінде құру көзделіп отыр. Аймақтық қаржылық орталықтың жұмысын реттеуші органға бірқатар министрліктердің, оның ішінде заңды тұлғаларды мемлекеттік реттеу, салық және кедендік бақылау, виза беру т.б. мемлекеттік функциялары беріледі. Сонымен қатар қаржылық орталық үшін жеке тәуелсіз сот құрылмақ. Аймақтық қаржылық орталықта тек брокерлік және дилерлік ұйымдар тіркеуден өтеді. Бұл ретте аймақтық қаржылық орталыққа арнайы құқық беру арқылы заңды тұлға ретінде және аймақтық қаржылық орталыққа қатысушы ретінде тіркелуді өзара біріктіру межеленген. Қаржылық орталыққа қатысушылардың құқықтық қабілеттілігі тек аймақтық қаржылық орталықтың арнаулы сауда алаңында сауда-саттықты жүзеге асыру құқығымен шектеледі. Аймақтық қаржылық орталықта іс-қызмет жүргізу үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар Алматы қаласындағы халықаралық әуежайға келгеннен кейін елімізге кіретін виза алады. Аймақтық қаржылық орталықтағы негізгі ойыншылар тобы брокерлік-дилерлік ұйымдармен бірге эмитенттер, инвесторлар мен маркет-мейкерлерден құралады. Аймақтық қаржылық орталыққа қазақстандық зейнетақы қорлары, пай қорлары, сақтандыру ұйымдары, отандық банктер мен компаниялар, ресейлік және басқа да аймақтық банктер, ірі және ортаңқол жеке инвесторлар, шетелдік, соның ішінде исламдық инвесторлар инвестиция салады деп күтілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны