29.08.2006, 16:58 2988

Президент есеп комитетінің төрағасы, қаржы министрі мен Ұлттық банк төрағасын қабылдады

АСТАНА. 29-тамыз. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевты, қаржы министрі Наталья Коржованы және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Инуар Сәйденовті қабылдады. Олар Елбасына бірінші жартыжылдықта жасалған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Ұлттық Қорды құру арқылы Қазақстан өзінің ТМД-да экономикалық реформаларды жүргізудегі көшбасшы екенін тағы да бір көрсетті. Осы стратегиялық шешімнің арқасында біз бұрынғы Кеңестік елдер арасында "голланд ауруын" болдырмау жөнінде шешуші қадамдарға барған бірден-бір ел болып табыламыз, - деді қаржы министрі өз баяндамасында.

Ұлттық банк төрағасы өз сөзінде елдегі макроэкономикалық ахуалды сипаттап берді.

- Біздің биылғы жылы Ұлттық Қорды қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тетіктеріне көшкеніміз мемлекетіміздегі макроэкономикалық ахуалға, бюджетке және шығыстарды оңтайландыруға барынша оң әсер еткен бірден-бір дұрыс стратегиялық шешім болды, - деп атап көрсетті И.Сәйденов.

О.Өксікбаев бірінші жартыжылдық бойынша Есеп комитеті жұмысының нәтижелері туралы және қаржы бақылауы саласындағы заңшығарушылық жұмыстың барысы туралы баяндап берді.

- Мен республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалу барысы, оны орындаудағы проблемалар, жіберілген қателіктер мен республикалық бюджетке түскен табыс туралы баяндап берді. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні макроэкономикалық ахуал тұрақты, бюджеттік кіріс асыра орындалып отыр. Мен сондай-ақ Мемлекет басшысына есеп комитеті туралы заң жобасының әзірленуі жөнінде, біздің елде жүзеге асырылып жатқан әкімшілік реформалар шеңберінде жүргізілетін мемлекеттік қаржы бақылауын жетілдіру туралы ұсыныстар жөнінде баяндап бердім, - деді Есеп комитетінің төрағасы журналистерге арналған брифингте.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны