20.12.2012, 10:04 4197

Прокурорлар "Атамекен" Одағымен бірлесіп кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелерін талқылады

"Біздің келісімімізге сәйкес, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделеріне қатысты нақты мәселелерді талқылайтын боламыз. Бұл кездесуге Кедендік бақылау комитетінің қызметкерлері мен прокуратураның салалалық бөлімдерінің жетекшілерін шақыртып отырмыз", - деді жиынды ашқан Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко.

Астана. 20-желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін Астанада прокурорлар мен "Атамекен" Одағы" ҚҰЭП бірлесе отырып отандық кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Біздің келісімімізге сәйкес, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделеріне қатысты нақты мәселелерді талқылайтын боламыз. Бұл кездесуге Кедендік бақылау комитетінің қызметкерлері мен прокуратураның салалалық бөлімдерінің жетекшілерін шақыртып отырмыз", - деді жиынды ашқан Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко.

"Осындай жұмыстар ай сайын барлық аймақтардағы кәсіпкерлердің қатысуымен көптеген мәселелерді шешіп отырады. Бұл жиындарда біз тек қана нақты мәселелерді шешіп қоймай, әрине арыз-шағымдарды да қараймыз және олардың барлығы бақылауға алынып, әр ай сайын қандай шешім қабылданғаны бақыланып отырады", - деп атап өтті "Атамекен" Одағының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

"Атамекен" Одағының басшысы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері өз мүддесіне қатысты сотқа талап арыз бергенде мемлекеттік бажды төлеуден босатуды ұсынды.

"Егер де қоғамдық бірлестіктер өздеріне мүше кәсіпкерлердің мүдделерін қорғап жатса, оларды соттағы баж төлеуден босату қажет. Бұл - жеке кәсіпкерлер үшін, біздер үшін де өте маңызды. Біз одақ мүшелерінің ақшасына күн көріп жатырмыз, сондықтан оны біз де төлей алмаймыз. Кеден бойынша алсақ, қосалқы бөлшектерді тасымалдаған кәсіпкер туралы сөз қозғалды. Оған 20 млн көлемінде айыппұл салынып отыр. Ол банкротқа ұшырады деуге болады. Ол кеден инспекторының шешімінен кейін тек сотқа барып жүгіне алады. Ал бұл ретте кәсіпкерге аталған сомадан баж төлеуі қажет. Ол да қомақты қаржы", - деп түсіндіріп өтті Мырзахметов.

Төраға бұл мәселені шешу үшін жеңілдетілген тәртіптің орнатылуы қажеттігін атап өтті.

"Бұл ретте жеңілдетілген тәртіп қажет. Егер кәсіпкер жергілікті ассоциацияға кірсе, оның құқығы кәсіби заңгерлермен қорғалатын болады. Екіншіден, ол мемлекеттік баждан босатылуы қажет. Қазіргі таңда егер прокуратура ғана сіздің мүддеңізді қорғайтын болса, онда баждан босатыласыз. Жеке кәсіпкерлер үшін бұл үлкен артықшылық туғызып отыр. Ең бастысы, олар аз қорғалған, олардың заңгерлері де жоқ. Сондықтан бұл бажды төлеуге тап болған кезде кәсіпкер үшін бұл үлкен тосқауыл туғызады және ол сотқа бара қоймайды. Сөйтіп банкротқа ұшырайды, немесе өз мәселесін басқа жолдармен шешуге тырысады", - деп түйіндеді ол.

Кездесу барысында 2012 жылдың 9-қарашасында өткен алғашқы бейнеконференцияның хаттамасын орындау бойынша жергілікті прокурорлардың есептері, кеден органдарының тауарды (астық қоймаларының) топтастыру кодын өзгертуі және өткен мерзімдердегі қайта топтастырумен байланысты сомаларды төлеу жайы қаралды.

Шараға ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко, "Атамекен" Одағы" ҚҰЭП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Қанатбеков, аймақтық прокурорлар мен бизнестің қоғамдық ұйымдары өкілдері қатысты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны