01.07.2019, 23:36 9744

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин: Арыс қаласының инфрақұрылымы мен тұрғын үй қоры бір айдың ішінде қалпына келтіріледі

ҚР Премьер-Министріне тұрғын үй, әлеуметтік, инфраұрылымдық және қаланың тіршілік әрекетінің басқа да нысандарына тигізілген зардап туралы баяндалды.

Нұр-Сұлтан. 1 шілде. Kazakhstan Today - ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ АСҚАР МАМИН: АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ МЕН ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ БІР АЙДЫҢ ІШІНДЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкіметтік комиссия басшылығында Арыс қаласына барып, қаладағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғын үй ықшамаудандары мен әлеуметтік нысандарды аралады.

ҚР Үкіметінің басшысы көппәтерлі және жекеменшік үйлер орналасқан "Көктем-1" және "Көктем-2" тұрғын үй алаптарына болды, залалданған жергілікті мектеп, қалалық аурухана мен Халыққа қызмет көрсету ғимараттарын көрді.

ҚР Премьер-Министріне тұрғын үй, әлеуметтік, инфраұрылымдық және қаланың тіршілік әрекетінің басқа да нысандарына тигізілген зардап туралы баяндалды.

Аралау кезінде А. Мамин ТЖ салдарын жоюға тікелей атсалысқан жергілікті ақсақалдармен және мамандармен әңгімелесті. Олардың қатарына саперлер, медицина қызметкерлері, құтқарушылар және жергілікті билік органдары бар. ҚР Үкіметінің басшысы оларға жұмыстары үшін алғыс айтып, "бірлескен үйлесімді жұмыстың арқасында тұрғындарды уақытылы эвакуациялап, туындаға төтенше жағдайдың ауқымдырақ салдарының алдын алу мүмкін болғанын" атап айтты.

Аралап көру қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Арыс қаласында төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі Үкіметті комиссия отырысын өткізді. Оның құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары кірді.

Ағымдағы жағдай мен төтенше жағдай салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шүкеев, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов баяндады.

ҚР Премьер-Министрі А. Маминге қазіргі уақытта қала аумағын инженерлік барлау, минасыздандыру бойынша жұмыстар жалғастырылып жатқаны, өрт сөндіру ескерілгені, азаматтарды өз үйлеріне қайтару және олардың мал-мүлкінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндалды. Аумақтарға жүргізілген тексерулер экологиялық жағдайға қауіп төніп тұрмағанын көрсетті.

"Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мен Мемлекет басшысы қаланы жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бізге Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру бойынша барлық күш-жігерімізді жұмылдыру қажет. Біз Арыс қаласындағы барлық зақым көрген және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп, салуымыз керек.Барлық міндеттер оңтайлы, сапалы әрі уақытылы орындалуы керек", - деді ҚР Премьер-Министрі.

Қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірлері атсалысады. Зардап шеккен тұрғын үй ғимараттары облыстар арасында бөлінеді, олар құрылыс бригадаларын жіберуі керек. Арыс қаласына барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалаларының әкімдерінің орынбасарлары құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін келді. Мемлекеттік материалдық қордан барлық құрылыс материалдары бөлінген.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы А. Мамин қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалқ дамуын қамтамасыз ету үшін 10 кешенді шараны атап айтты.

1. Бір ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөндеп бітіру;

2. Қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына (44 тыс. 781 человек) бір мезеттік 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу;

3. Арыс қаласынан 4 мың бала сауықтыру лагерлеріне жіберіледі;

4. Әлеуметтік нысандарды жөндеуді ұлттық компаниялардың көмегімен іске асыру көзделген, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизенс қауымдастық тартылатын болады. 66 әлеуметтік нысанды "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" жөндейді.

5. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 300-ден астам ШОБ кәсіпорнына "Атамекен" ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарында көмек көрсетіледі;

6. Қала кәсіпкерлеріне а.ж. 1 шілдесінен бастап 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер беріледі. Биылғы жылдың соңына дейін салықтық каникулдар ұсынылады;

7. Инженерлік инфрақұрылыма, электрмен жабдықтау және байланыс ҚР Үкіметінің қорынан қаражат есебінен қалпына келтіріледі;

8. Газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және қайта жөндеу жоспарланған;

9. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған аурухана мен екі емхана салынады;

10. 2 апта бойы қару-жарақтар әкетіле бастайды. Арсенал қайта орналастырылады.

Алдын ала бағалаулар бойынша, 104 көпқабатты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жеке меншік үй, 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, аумақтық мемлекеттік органдар ғимараттары зардап шеккен, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ӘРБІР ТҰРҒЫНЫНА 100 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛЕДІ

Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен халықтың жай-күйімен танысуға ҚР Премьер-министрі А.Мамин арнайы келді. Премьер-министр облыс басшысы Ө.Шөкеевпен бірге снарядтан зақым келген тұрғын үйлер мен 4 қабатты қалалық аурухананы, халыққа қызмет көрсету орталығын және Көктем шағынауданындағы И.Журба атындағы орта мектепті аралап, ғимараттардың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, күні кеше үйлеріне оралған арыстықтармен сөйлесіп, оларға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Содан кейін Премьер-министр Арыс қаласына берілуі тиіс көмекті талқылау мақсатында үкіметтік комиссия отырысына қатысты.

Жиналыста Асқар Мамин Арыста тұратын әрбір тұрғынға, яғни 44 781 азаматқа Үкіметтен 100 мың теңгеден берілетінін айтты. Сондай-ақ, қала 1 ай көлемінде толық жөндеуден өтетінін жеткізді. Бұдан өзге, арыстық кәсіпкерлерге 1 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілетінін болды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Арыс қаласында жаңа аурухана салынып, 4 мыңнан астам бала жазғы демалысқа баратынын баяндады. Ең бастысы, қаладағы әскери арсенал 2 аптада басқа аймаққа көшірілетіні жөнінде шешім қабылданды.

Ө.ШӨКЕЕВ: ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫН ЖЕДЕЛ ШЕШУІМІЗ КЕРЕК

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппараттық мәжілісті Арыс қаласында өткізді. Жиында Арыс қаласын қалпына келтіру мәселесі талқыланып, жұмыстар талқыланды. Өңір басшысы қысқа мерзімде Арыс қаласын қалпына келтіру, тұрғындарға жағдай жасау бағытындағы барлық мәселені талқылап, осы жауапты міндетті отаншылдықпен, жанашырлықпен атқару керектігін айтты.

"Мен осында 1 ай болып құрылысты күнде басында тұрып қадағалаймын. Егер қай аудан ұйымдастыра алмаса, жауаптысын жұмыстан босатамын. Ал жауапты облыстар мен қалалар салғырттық танытса, Үкімет басшысына мәлімдеймін. Халықтың мұқтажын жедел шешуіміз керек", - деген әкім 17 сектордың жұмысын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

Әрбір сектордың жұмысын өңір әкімдерінің және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және Арыс қаласынан бір жауапты өкіл, жалпы саны 51 адам үйлестіреді. Жеке-жеке штаб құрып, үйлердің құрылысы, гуманитарлық көмек тарату, қауіпсіздікті сақтау, қаланы тазарту, тұрғындарды ақпараттандыру және өзге де мәселелер бойынша күн сайын мәлімет беріп отырады.

Аппарат мәжілісінде Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау, ШҚО облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарлары мен жауапты өкілдерінің мәліметтері тыңдалды. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры мен ҚР "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының жауапты өкілдері де өздеріне тапсырылған жұмыстардың барысы туралы баяндады. Аудан әкімінің орынбасарлары да өздеріне жүктелген аумақ бойынша есеп берді.

Бүгінде Арыс қаласындағы үйлерді тексеру, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір үйлердің терезелері ауыстырыла бастаған. Барлық сектор бойынша үйлерді тексеру, акт толтыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігерлер анықталып, құрылыс бригадалары жасақталған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы көпқабатты үйлердің шатырлары, сыртқы көрінісі жинақы әрі біркелкі болу керектігін ескертті. Азық-түлік үлестіру және өзге де жұмыстарды үйлестіруге жергілікті белсенді тұрғындарды тартуды тапсырды. Сонымен бірге жиында қаланы ауыз сумен, электр қуатымен үздіксіз қамту, балаларды демалыс орындарына жіберу, өрт қауіпсіздігін сақтау, атаулы әлеуметтік көмектерді уақтылы аудару мәселелері де талқыланып, нақты жоспарлар жасалды.

АРЫС: 725 ОҚУШЫ ДЕМАЛЫСҚА ЖІБЕРІЛДІ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппараттық мәжілісті Арыс қаласында өткізді. Мәжілісте балаларды жазғы демалыспен қамту мәселесі де сөз болды. Бүгінде Арыс қаласынан 725 бала еліміздің өзге өңірлеріне демалысқа және саяхатқа жіберілген.

Атап айтсақ, Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ Бурабайда да арыстық өрендер тынығып жатыр.

Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықованың айтуынша, жазғы лагерьлерге 4000-нан астам оқушыны жіберу көзделген. Осы аптада тағы 500 бала демалысқа жіберіледі деген жоспар бар.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне өздері басқаратын аумақтардағы демалыс орындарына арыстық оқушыларды көптеп тарту жөнінде тапсырма берді.

Сонымен бірге мәжілісте Арыс қаласындағы 3 мыңнан астам ардагердің 2 мыңдайын облыстық ардагерлер үйлеріне демалысқа жіберу мәселесі де сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта нақтылана түспек.

АРЫСТЫҚТАРҒА 180 ЕРІКТІ ПСИХОЛОГ КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға, әсіресе балаларға алғашқы күннен бастап 180 ерікті практик-психолог пен педагог-психолог көмек көрсетуде. Себебі мұндай ауыр соққы алған сәбидің күні ертең қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы өзгеруі мүмкін.

24 мыңнан аса адам эвакуацияланған орталықтарда сәбилердің жан-дүниесіндегі соққыны емдеген гештальт-терапевт психологтар қазір Арыс қаласында да емдік шараларын жүргізуде.

Қазіргі таңда тұрғындардың бастан кешкен эмоцияларын зерттеу, болған оқиғаны түсіндіру - психологтардың негізгі терапиясы болып отыр.

Сондай-ақ еріктілер халық арасында бактериологиялық қару-жарақ, радиация және апаттан көптеген адам қайтыс болды деген ақпараттың жалған екенін түсіндіріп жүр.

АРЫСТАҒЫ 7700-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫН ҮЙ ТОЛЫҚ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Арыстағы жарылыстан толықтай өртенген үйлер саны - 21. Бұл жеке үйлерде 28 отбасы тұрған. Қазіргі таңда күлі қалған үйлердің орнына жаңадан баспана салынатын болады. Үй иелері уақытша орынға жайғасты.

Жалпы Арыс қаласында 7700-ден астам үй бар. Олардың көбінің шатыры, есік-терезелері жарылыстан зардап шеккен.

Айта кетейік, арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің 16 облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан 170 арнайы бригада келеді. Әр облыс қалада бөлінген секторлар бойынша жұмыс ауқымын бөліп алып, ертеңнен бастап жөндеу жұмыстарына кіріседі. Құрылыс жұмыстары 1 айдың ішінде толық бітеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде әлі күнге дейін Арыстағы жарылыс кезінде жоғалған кәмелет жасына толмағандар туралы жалған ақпараттар жариялануда. Түркістан облысы Полиция департаменті Арыс аудандық полиция бөліміне жоғалған балалар туралы бірде-бір арыз түспегенін және тіркелмегенін ресми түрде мәлімдейді. Түркістан облысы Полиция департаменті ескертеді, жалған ақпарат таратушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Арыстағы жойқын жарылыс кезінде әлеуметтік желі арқылы түрлі ақпараттар соның ішінде елді дүрліктірген хабарламалар ватсап пен мессенджерлер арқылы кеңінен таралып халық арасында біраз шу тудырды. Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері жедел әрекет етіп, жалған ақпарат тартушыларды іздестіру жұмыстарын күшейтті.

Нәтижесінде, жалған ақпарат тарату арқылы заңға қайшы іс-әрекет жасаған күдікті азамат ұсталды. Ол өзінің ойланбастан жасаған іс-әрекетіне өкініп, барша халықтан кешірім сұрады. Аталмыш күдіктіге байланысты Арыс АПБ қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі

АРЫС ҚАЛАСЫНДА СУ ЖҮЙЕСІ ЖҮЙЕЛІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Қаладағы барлық үйге суық су келді. Алайда бүгін орталық магистральда шыққан ақаудан 1500-дей абонент сусыз қалды. Жөндеу жұмыстары барысында су жеткізу желісін үзген снаряд табылды. Қазіргі таңда ақау қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары аяқталған соң тұрғындарға су тұрақты берілуде.

Жалпы Арыста 10600 абонент болса, су тарату 2,5 есеге ұлғайған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы полицейлері Арыс қаласында 170-тен астам "Жолда қабылдау" ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарға малдары жоғалып, өлген жағдайда қайда бару керектігін түсіндіріп, кеңес береді және пәтер, тұрғын-үй ұрлығы, автокөліктерді айдап кету жайттары бойынша деректерін тіркеп, арыздарын қабылдайды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін мобильді ХҚКО ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы 17 сектордың әрқайсысында Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінен құрылған екі жедел-тергеу тобы жұмыс жасауда. Жарылыстан кейінгі тәуліктерде полицейлер тарапынан жүргізілген рейдтік шаралар барысында 4 қылмыс анықталды, оның ішінде 2 жайт мал ұрлығы болса, келесілері "Нива" автокөлігін ұрлау мақсатында айдап әкету және тұрмыстық техника дүкеніндегі ұрлық дерегі. Бүгінгі таңда, барлық материалдар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізілуде.Айта кетсек, 24-28 маусым күндері аралығында тәртіп сақшылары 155 иесіз қой мен 22 ірі-қара малды тауып, полиция бөлімінің жанынан арнайы ұйымдастырылған орынға апарған. Арыс қаласына жергілікті тұрғындардың келуіне орай, барлық малдар заңды иелеріне қайтарылды.

ТО ПД баспасөз қызметі

АРЫСҚА КЕЛГЕН ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК 270 ТОННАҒА ЖУЫҚТАДЫ

Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық көмек күн санап ұлғаюда. Бүгінгі күнге дейін қоймаға 269 тонна қажетті азық-түлік өнімдері, киім-кешек, гигиеналық заттар жиналса, соның 198 тоннасы тұрғындарға берілді.

Гуманитарлық көмектің 70 тоннасы бүгін таратылады.

Сондай-ақ бүгін қосымша Арысқа қарай 10 жүк көлігі келе жатыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫНА 80 ТОННАДАН АСТАМ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК БЕРІЛДІ

Апаттан зардап шеккен арыстықтарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек келуде. "Арыс, біз біргеміз!" акциясы бүкіл республиканы жаулады.

Күні кеше Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, БҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан Арысқа жіберілген 150 тонна заттың 80 тоннадан астамы тұрғындарға таратылды. Нұр-Сұлтан қаласы мен өзге де аймақтардан азық-түлік тиелген жүк көліктері Арысты бетке алды.

Арыстағы төтенше жағдайға байланысты "Түркістан"корпоративтік әлеуметтік даму қорына түскен қаржы көлемі 1 млрд. теңгеден асты. Қор әлі де шотта жинақталып, арнайы комиссия арқылы тұрғындарға берілетін болады.

АРЫС: ҮЙІ БҰЗЫЛҒАНДАР ДАЛАДА ҚАЛМАЙДЫ

Арыс қаласындағы Ережепбай Молдабаев атындағы орта мектепте тұрғындар уақытша қоныстанатын 800 орын дайындалды. Мұнда жарылыс салдарынан үйлері толық бұзылған және жарамсыз күйге түскен тұрғындар орналасады. Бұл орталықта қоныстанушылар 3 мезгіл тамақпен және жатын орындармен қамтылмақ. Балаларға арналған ойын алаңшалары да қарастырылған. Ал жарылыстан зақым келген үйлер толық жөнделген соң тұрғындар өз шаңырақтарына оралады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны