01.11.2006, 18:17 2758

Республика үкімет басшысы Теңіздегі қақтығыстың шығуына кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту қажет деп санайды

АСТАНА. 1-қараша. Kazakhstan Today. Республика үкімет басшысы Даниал Ахметов Теңізде қазақ және түрік жұмысшылардың арасында қақтығыстың шығуына кінәлі адамдарды түгелдей компаниялардың басшылығынан бастап жауапкершілікке тарту қажет деп санайды. Үкімет басшысы бүгін "Теңізшевройл" ЖШС-нің бас директоры Тод Левимен кездесуде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жұмысшылар арасындағы қақтығыс 20-қазанда болған.

Т.Левидің айтуынша, оқыс оқиғаның салдарынан 196 адам, оның ішінде 193 түрік, 2 қазақстандық және 1 үндістандық жұмысшылар зардап шекті. "Зардап шеккендер - "Сенімді құрылыс" компаниясының қызметкерлері. Бұл компания "Теңізшевройл" ЖШС-нің мердігері болып табылмайды",- деп мәлімдеді Т.Леви.

Өнім өңдейтін зауыт құрылысы салынып жатқан құрылыс алаңында жаппай төбелес шықты. Қазір онда жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. "Теңізшевройл" компаниясының басшылығы оқиғаның себептерін нақты анықтау үшін жан-жақты талдау жасауда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарлары да дәйектелуде. Кәсіпорынның құрылыс алаңдарында қазір 200-дей тәртіп сақшысы кезекшілік жасауда.

Үкімет басшысы қолданылған шараларға қарамастан, бүгінгі күнге дейін нақты нәтиженің көрінбей отырғанын айтты. "Жеке меншік компаниялардың құрылыс алаңдарында тәртіп сақтаумен полиция шұғылданатын ел дүниежүзінде жоқ",- деді үкімет басшысы. Ол бір аптада тәртіп орнатуды тапсырды.

"Егер осы мерзімде шара қолдана алмасаңыздар, онда Қазақстанда ұлтаралық қақтығыс туғызып, айды аспанға бірақ шығарғалы отырсыздар. Жетекшілерден бастап барлық кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту қажет",- деді Д.Ахметов. Республика ішкі істер министрлігіне де "Сенімді құрылыс" компаниясына қатысты тексерулер жүргізу міндеті жүктелді. Бұл компания бүлінген мүлкінің соңынан қуынбайтынын мәлімдеген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны