17.06.2013, 12:11 3971

Салафизмнің бізге жат ағым екенін "тайға таңба басқандай" ұғындырып беруге тиіспіз

Бүгін Мәжілісте ҚР Дін істері агенттігінің қызметіне арналған Үкімет сағатында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Ишімбаев

Астана. 17-маусым. Kazakhstan Today - Салафизмнің бізге жат ағым екенін "тайға таңба басқандай" ұғындырып беруге тиіспіз, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Жастар арасында салафизмнің бізге жат ағым екенін "тайға таңба басқандай" етіп ұғындырып беруге тиіспіз.

Бүгін Мәжілісте ҚР Дін істері агенттігінің қызметіне арналған Үкімет сағатында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Ишімбаев осылай мәлім етті.

"Елбасы Н. Назарбаев: "Біздің түбіміз - түрік, дініміз ислам, сондықтан қасиетті кітабымыз - Құран" деп айтқан еді. Ата-бабаларымыз Ханафи мәзһабын ұстанған. Ендеше бұның басқа мәзһабтардан ерекшеліктерін көбірек айтып, халыққа түсіндіруді кеңінен жүргізген абзал. Салафизмнің бізге жат ағым екенін "тайға таңба басқандай" ұғындырып беруге тиіспіз. Сондай-ақ, кез-келген дәстүрлі діннің бейбіт мақсатқа, рухани дамуға бағытталғанын ұғындыру қажзет. Біз өз позициямызды жұртшылыққа нақты түсіндіруге тиіспіз", - деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар, Мәулен Ишімбаев қазіргі уақытта мемлекеттік арналарда екі бағдарлама ғана шығатынын, "қазақ радиосында" бір айдар шығарылатынын жеткізді. "Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмысқа мемлекеттік емес телеарналарды да тартқан ләзім. Ақпараттық жұмысқа қоғамдық ұйымдарды, зиялылар мен депутаттарды кеңінен тартқан орынды", - дейді М. Ишімбаев.

Мәулен Ишімбаев мектептерде оқытылатын "Дінтану негіздері" пәнінің сағатын арттыруды ұсынды.

"Жастардың діни сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Бүгінгі таңда мектептердің 9-сыныбында "Дінтану негіздері" пәні оқытылады. Оған факультативтік сағаттардың есебінен оқу жылына 34 сағат бөлінген. Дінтану негіздері секілді пән арқылы дін жайында түсінікті жастайынан, мектеп қабырғасынан қалыптастыру арқылы жалған немесе радикалды діни ағымдардың жетегінде кетудің алдын алуға болады. Сол себепті алдағы уақытта оқыту сапасына көңіл аудара отырып, әдістемесін жетілдіріп, осы пәнге арналған сағат санын арттыру жөн деп ойлаймын", - деді М. Ишімбаев.

Сонымен қатар, депутат соңғы жылдары 390 жас дінтану мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтағанын айтып, оларды алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарына кеңінен тарту қажеттігін жеткізді. "Бұл ретте азаматтарымыздың мейлінше шетелде беймәлім, күмәнді оқу орындарында дәріс алуына жол бермеу керек", - деді М. Ишімбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны