23.10.2007, 15:39 3042

Семейде сегіз жасар баланың қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Семейде сегіз жасар баланың қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Астана. 23-қазан. "Қазақстан Бүгін" - Семейдің қалалық прокуратурасы сегіз жасар баланың қайтыс болу дерегіне қатысты № 2 қалалық отбасылық-дәрігерлік амбулатория дәрігерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, дәрігер кәсіби міндетін тиісінше орындамағандықтан адам өліміне әкеп соқтырды, деп айыпталуда. Шығыс Қазақстан облысының медициналық қызмет көрсету саласын қадағалау және анализ бөлімінің, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау департаментінің штаттан тыс бас балалар гематологын тарта отырып жүргізген тексеру барысында, баланың өліміне учаскелік дәрігердің теріс диагноз қоюы себеп болғандығы белгілі болып отыр.

Қадағалау органының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2006 жылдың қарашасында баланы бірнеше рет тұмаудан емдеген. Дәрігер баланың ата-аналарының талап етуі бойынша № 3 емхананың салалық мамандарына жолдама берген. Баланы тексергеннен кейін оны шұғыл түрде қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіп, одан облыстық клиникалық аурухананың гематологиялық бөлімшесіне жіберген. " Өткір лейкоз, оның лимфобластты түрі, аса қатерлі топқа жатады" деген диагноз қойылып, шұғыл емдеу процессін бастаған. Бірақ бір тәулік өткеннен кейін бала көз жұмған.

Шығыс Қазақстан облысының прокуроры кешенді сот-медициналық сараптама тағайындаған. "Сараптама нәтижесі баланың өліміне учаскелік дәрігердің кәсіби міндеттерін орындаудағы немқұрайдылығы мен салғырттығының себеп болғандығын растап отыр. Өткір лейкозбен науқастанған баланы бес ай бойы тұмаудан емдеген. Осынау аса ауыр дерттің әбден асқынған сатысында жүргізілген қарқынды емдеу шаралары нәтижесін бермеген",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны