11.06.2007, 16:52 3086

Сенат Бюджеттік кодекске енгізілетін түзетулерді мақұлдады

АСТАНА. 11-маусым. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "ҚР Бюджеттік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұрындары хабарлағанымыздай, түзетулерді енгізудегі мақсат - мұнайдан түскен кіріс пен басқа кірістердің ара жігін ажырату және оларды толық әрі дер кезінде Ұлттық қорға аудару.

Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов, аталмыш заң жобасын таныстыра келе, енгізілген өзгерістермен "мұнайдан түскен кіріс" деген ұғымның аясы кеңейтілетіндігін түсіндіріп өтті. "Қазіргі таңда Ұлттық қор тұжырымдамасының нормаларымен кіріс ретінде шикі мұнай мен газ конденсатын өндіру мен сатудан түсетін түсімдер айқындалған. Оларды ендігі жерде мұнай операцияларынан, соның ішінде мұнай мен газ конденсатын барлау, өндіру және сатудан түскен кірісті мұнайдан түскен кіріс деп санау ұсынылып отыр",- деді ол.

Сонымен бірге "мұнай операцияларынан түскен басқа да түсімдерді, соның ішінде мұнайға қатысты келісім-шарттарын бұзу салдарынан мұнай өндіру мерзімінің кейінге шегерілуі, мұнай өндіру технологиясын бұзудан түскен кірістерді де" Ұлттық қорға аударылатын кіріс ретінде айқындау ұсынылған.

Сондай-ақ, "Ұлттық қорды толықтыратын қосымша көз ретінде жер қойнауын пайдаланушылардың өнім бөлісу жөніндегі шартқа сәйкес аударған қосымша төлемдерін де айқындау ұсынылған". "Бұл төлемді жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстанның үлесі бойынша түсімдер мөлшері шартта белгіленген шамадан аз болып шыққан жағдайда жасайды. Бүгінгі таңда ондай төлем жоқ",- деді М.Құсайынов.

Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін екінші оқылымға дайындау үшін палатаның салалық комитетіне жіберілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны