19.10.2006, 18:13 3321

Сенат бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді мәжіліске қайтарды

АСТАНА. 19-қазан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру туралы" заң жобасына өз түзетулерін енгізіп мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мәселен, сенат "қолданылатын стандарттардың түрлерін шектеу үшін" қаржылық есеп стандарттарына ұлттық деген мәртебе беруді ұсынады. Сонымен бірге депутаттар "есепке алу саясатының жаңа редакциясын енгізуді" ұсынады. "Өйткені, уәкілетті мекеме бекіткен тәртіппен қаржылық есепті дайындайтын ұйымдар ол үшін тек ұлттық стандарттар мен типтік есеп жоспарларын пайдаланады",- делінген сенаттың экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің заң жобасына берген қорытындысында.

Сенат депутаттары сонымен бірге заң жобасында қарастырылған бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп берудің мемлекеттік және мемлекеттік емес жүйелеріне бірқатар өзгерістер енгізді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бухгалтерлік есеп туралы заң жобасында "бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беруді реттеудің қазіргі жүйесіне тұжырымдамалық өзгерістер енгізіледі. Ондағы мақсат - бухгалтерлік есеп саласына өзін-өзі реттеу элементтерін енгізу және саланы ретке келтіру",- делінген мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Атап айтсақ, заң жобасының нормаларында қаржылық есеп беру стандарттарына міндетті түрде қолданылатын құқықтық-нормативтік акт мәртебесін беру қарастырылған. Сонымен бірге заң жобасында республика заңнамаларының қаржылық есеп беру жөніндегі халықаралық стандарттар талабына қайшылығы бар-жоқтығына алдын-ала талдау жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беруді реттеу жүйесіне консультативтік орган қамтылмақшы. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік мекемелердің, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру саласындағы кәсіби ұйымдар мен аудит мамандары енеді. Консультативтік органға бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру саласындағы құқықтық-нормативтік актілердің жобасын жасауға атсалысу құқығы беріледі.

Сенат сондай-ақ, "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру салалары бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын да алғашқы және екінші оқылымда қарап, мәжіліске қайтарды. Онда Икімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс пен Қылмыстық кодекске түзетулер енгізу қарастырылған. Түзетулерде заң бұзушылық түрлері нақтыланып, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп беру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жүктелетін жауапкершілік күшейтілмек.

Бұдан басқа да бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілмек. Олар заңдарды еліміздің басқа да заңнамаларынмен сәйкестендіруге бағытталған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны