25.05.2023, 15:55 31851

Сенат Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялауды мақұлдады

Осылайша, Қазақстан халықаралық стандарттарға сәйкес мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге міндеттеме алды
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары отырыста "Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Gov.kz.

Қазақстан "Мүгедектердің құқықтары туралы" конвенцияға және оған қатысты Факультативтік хаттамаға 2008 жылғы желтоқсанда қол қойып, 2015 жылы Конвенцияны ратификациялағаны белгілі.

Осылайша, Қазақстан халықаралық стандарттарға сәйкес мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге міндеттеме алды.

Осы жылдар ішінде осы санаттағы азаматтардың құқықтарына қатысты заңдарға өзгерістер енгізілді, ҚР-да 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар қабылданды. Бүгінгі күні оны іске асырудың 1-ші кезеңі аяқталып, 2019 жылдан бастап 2-ші кезеңнің іс-шаралары іске асырылуда.

Мемлекеттен базалық жәрдемақыны, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді және сақтандыру компанияларынан жұмыс берушінің міндетті жарналары есебінен сақтандыру төлемдерін қамтитын мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесін енгізу толығымен аяқталды.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мүгедектік топтары мен жәрдемақы мөлшерін саралау жүзеге асырылды. Бұрын аурудың түріне және сауықтыру әлеуетіне қарамастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар барлық адамдарға бірдей "мүгедек бала" мәртебесі беріліп, бірдей жәрдемақы тағайындалған.

Мүгедектігі бар адамдардың Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеке қажеттіліктеріне қарай компенсаторлық техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің түрін таңдау мүмкіндігі берілді.

Мүгедектікті белгілеу рәсімі кезең-кезеңімен "бір терезе" қағидаты бойынша проактивті форматқа ауыстырылады, бұл медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Қазақстанның өзіне алған халықаралық міндеттемелерін және атқарылған шараларды ескере отырып, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау рәсімдерін аяқтауды тапсырды.

Факультативтік хаттаманы ратификациялау БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің мүгедектігі бар адамдардың жеке хабарламаларын (шағымдарын) қабылдау және қарау құзыретін тануды білдіреді. Хаттамаға сәйкес, мүгедектігі бар азаматтар Конвенцияның ережелері бұзылған жағдайда осы Комитетке хабарламамен немесе шағыммен жүгіне алады.

Егер келіп түскен шағым немесе хабарлама бойынша Конвенцияда бекітілген құқықтардың едәуір немесе жүйелі түрде бұзылғанын көрсететін дұрыс ақпарат алынса, онда Комитет өз ұсыныстары мен ұсынымдарын тиісті қатысушы мемлекетке және өтініш берушіге жібереді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының шарттық органдарының ұсынымдарын қарау тәртібі Бас прокуратураның, Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің (2022 жылғы 1 ақпандағы "Қазақстан Республикасы құзыретін мойындаған адам құқықтары жөніндегі шарттық органдардың сұрау салулары мен пайымдауларын қараудың кейбір мәселелері туралы") бірлескен бұйрығымен регламенттелген.

Әрекет алгоритмі келесідей болады:

1) ұсыным Сыртқы істер министрлігіне келіп түседі;

2) Министрлік оны Бас прокуратураға жолдайды;

3) Бас прокуратура уәкілетті органдармен бірге ұсынымға құқықтық талдау жасап, өз ұйғарымын Әділет министрлігіне жібереді;

4) Әділет министрлігі бұл ұйғарымды ведомствоаралық комиссияда қарап, шешім шығарады;

5) Әділет министрлігі осы шешімге сәйкес Қазақстанның ұстанымын Комитетке жеткізетін болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны