01.11.2012, 16:27 2916

Сенат "шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар" туралы құжатты бірінші оқылымда мақұлдады

Аталған заң жобасымен жаңа бюджеттік ережелер енгізу көзделеді. Бұл елдің экономикадағы жағдайы өзгерген тұста жедел ден қоюға мүмкіндік беру тетіктерін қарастырады.

Астана. 1-қараша. Kazakhstan Today - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, аталған заң жобасымен жаңа бюджеттік ережелер енгізу көзделеді. Бұл елдің экономикадағы жағдайы өзгерген тұста жедел ден қоюға мүмкіндік беру тетіктерін қарастырады. Атап айтқанда, бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша бюджет кірістерінің атқарылуы есепті кезеңге арналған бекітілген жоспарлы көрсеткіштерден асып түскен жағдайда, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылына арналған әлеуметтік-экономикалық даму параметрлерінің жақсаруы болжанған жағдайда бекітілген бюджеттік бағдарламаларға қосымша бөлінетін "шартты түрде қаржыландыратын шығыстар" деген ұғым енгізілді.

"Бұл шығыстар 2013 жылға арналған республикалық бюджет жобасында 200 млрд. теңге шамасында қарастырылған. Шартты түрде қарастырылған шығыстарды бөлу процесі қаржы жылының бірінші тоқсанында, экономиканың дамуы мен бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына тәуелді болып табылады", - дейді Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, аталған шығыстар бойынша жеке бөлінетін қаражаттың әкімшісі Қаржы министрлігі болып табылады. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар көлемі республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 4 пайызынан аспайтын мөлшерде анықталады.

"Бұл бюджеттік бюағджарламаға қосымша ретінде жүзеге асады. Осыған орай, бюджет қаражатының уақытылы игерілуі, шығыстардың әлеуметтік бағдарлануы, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылы қабылданған міндеттемелерді аяқтау шаралары ескеріледі", - дейді министр Е. Досаев. Оның айтуынша, бұл тетік бюджет сапасын арттырып, қаражаттардың игерілуіне нақты жағдай жасайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны