04.03.2021, 20:23 19824

Сенаторлар екі заңды мақұлдады, тағы екеуі мәжіліске қайтарылды

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы Мәжіліске қайта қарау үшін қайтарылды.
Нұр-Сұлтан. 4 наурыз. Kazakhstan Today - Бүгін Парламент Сенатының отырысында палата депутаттары екі заң жобасын мақұлдады. Тағы екі құжат мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Оның басты мақсаты – ғылыми және ғылыми-техникалық саланы жетілдіру, сондай-ақ, оның нәтижелерін коммерцияландыру. 
 
Соған сәйкес енгізілген жаңа нормалар ғылыми зерттеулердің кең шоғырын республикалық бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік береді. Мұндай қадам қолданбалы ғылыми жаңалықтардың көптеп ашылуына және ғылымның ел экономикасының дамуына қосатын үлесін арттыруға тың серпін береді.
 

Қабылданған заң ғылым саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың және барлық ғылыми-зерттеу жұмысын қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ұлттық ғылыми кеңестер мен Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзіреттері нақтыланады. Ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдарды әлеуметтік қолдау мен көтермелеу де көзделіп отыр. Осы мақсатпен жыл сайынғы "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығын беру қарастырылған. Жалпы, бұл заң елімізде ғылым саласын дамытуға өзінің үлесін қосады деп сенеміз. Сондай-ақ, заңда мемлекеттік білім беру мекемелерінің бірінші басшыларының ротациясы қарастырылған. Ол Білім және ғылым министрлігі белгілеген тәртіппен жүргізіледі", – деді Мәулен Әшімбаев.

 
Сондай-ақ, бүгінгі жалпы отырыс кезінде депутаттар "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады. Бұл Келісім ЕАЭО елдері арасында асыл тұқымды мал шаруашылығының жалпы нарығын дамытуға және өзара сауда-саттықтағы кедергілерді жоюға арналған.
 
Сонымен қатар, Сенат отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарап, оған түзетулер енгізді. Соған сәйкес енді қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, жұмыстан шығып қалған қызметкерге және қызмет барысында қаза тапқан ішкі істер қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне бұрын тағайындалған тұрғын үй төлемдері сақталады. Сенаторлар аталған әлеуметтік түзетулерді бекітіп, заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
 
Одан бөлек, Сенат отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Сенат депутаттары жан-жақты талқылап, бірқатар түзету енгізгеннен кейін бұл заң жобасын да Мәжіліске қайтарды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны