14.05.2013, 16:38 13334

Серік Ахметов "Энергия үнемдеу-2020" бағдарламасының жобасын дайындап, Үкіметке енгізуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін Үкіметке "Энергия үнемдеу-2020" бағдарламасының жобасын дайындап, енгізуді тапсырды.

Астана. 14-мамыр. Kazakhstan Today - Серік Ахметов "Энергия үнемдеу-2020" бағдарламасының жобасын дайындап, Үкіметке енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін Үкіметке "Энергия үнемдеу-2020" бағдарламасының жобасын дайындап, енгізуді тапсырды.

Энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру мәселелері қаралған Үкімет отырысында "Бағдарламаның барлық жағдайы тыңғылықты қарастырылуы, оның ішінде қаржыландыру бойынша жан-жақты зерделенуі қажет. Негізгі талаптар мен нормалар заңдардың деңгейінде қарастырылуы керек",-деді С.Ахметов.

"Мемлекет басшысы 2015 жылға дейін биылдан бастап жыл сайын энергия тұтыну деңгейін 10 пайызға төмендетіп отыруға қол жеткізуімізді тапсырды. Бұл бәрінен бұрын кәсіпорындар, тұрғын-үй коммуналдық сала мен бюджеттік мекеме-ұйымдарға қатысты. Барлық бағыттар бойынша, оның ішінде өңірлер деңгейінде де нақты жүйелі жоспарлар болуы қажет", - деді Премьер-Министр.

"Тұтастай алғанда, энергия үнемдеу мәселесі жалпы мемлекеттік міндет болып табылады, сондықтан, ол экономиканың барлық салаларында және тұрмыстық деңгейлерге дейін жүзеге асырылуы керек", - деп атап көрсетті С.Ахметов.

Үкімет басшысы облыс әкімдеріне Кешенді жоспар мен Мемлекет басшысының энергия тұтыну деңгейін жыл сайын төмендетіп отыру туралы тапсырмасының аймақтарда нақты орындалуын, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өңірлерде және кәсіпорындарда энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру барысын бақылау мен оған мониторинг жүргізуді күшейтуді тапсырды.

"Тұрғындарға энергияны ұқыпты пайдаланудың тиімділігін түсіндіруіміз керек. Осы орайда, Мәдениет және ақпарат министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп энергия үнемдеуді насихаттау жұмыстарын күшейту қажет",-деп сөзін түйіндеді С.Ахметов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны