11.05.2007, 10:00 1655

Шетел кәсіпорындары шеттен келген мамандарды жергілікті мамандармен алмастыруға қатысты міндеттерін орындамай отыр - Бас прокуратура

АСТАНА. 11-мамыр. Kazakhstan Today. Шетелдіктердің қатысуымен құрылған кәсіпорындардың жартысына жуығы шетел мамандарын жергілікті кадрлармен алмастыру міндетін орындамай отыр. Бұл туралы брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді.

"Шетелдік жұмыс күшін тартатын әрбір екінші кәсіпорын шетелдіктерді жергілікті мамандармен алмастыру міндеттемесін орындамайды. Жұмыс берушілер жаңа мамандыққа 13 600-ден астам адамды оқытқан, алайда осыған қарамастан тек 311 шетелдік маман ғана ауыстырылған", - деп атап өтті С. Нұрпейісов. Оның айтуынша, "істің бұлай қалыптасуы халықты жұмыспен қамту жөніндегі өкілетті орган жұмысының осалдығынан туындап отыр".

Оның үстіне, С. Нұрпейісовтың ақпаратына сәйкес, еңбекақыдағы жер мен көктей айырмашылық қазақстандық жұмысшылардың үлкен наразылығын тудырып отыр. Ол шетелдіктерге жоғары жалақы төлеу қажеттілігін жұмыс берушілер рұқсат алу, төлқұжат -визалық процедура, транспорт шығындарымен байланыстырады деп түсіндірді. "Мұндағы барлық дәлелдер негізсіз, себебі, Қазақстан Республикасы Ата заңының 24-бабына сәйкес барлығына бірдей алалаусыз қауіпсіздік және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек ету жағдайы, еңбек пен сыйақы құқығына кепілдік берілген", - деп атап көрсетті Бас прокуратураның ресми өкілі.

Жоғарғы қадағалау органында шеттету мен алалау оқиғаларының алдын алу үшін коммерциялық ұйымдарда еңбекақы мөлшеріне мемлекеттік және келісім жүзінде ықпал етудің тиімді үйлесімін заң жүзінде реттеу керек деп санайды.

Сонымен қатар, С. Нұрпейісов шетел компанияларында еңбек қауіпсіздігі туралы заң талаптарының өрескел бұзылу деректері орын алып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, "Каражанбасмұнай" АҚ-да жұмысшылар газдалған бөлмелерде желдеткіш және ауа алмастырғыш құралдарынсыз жұмыс істеген. Қарағанды облысының шахталарында пайдаланылатын жер асты құралдарының басым бөлігі жүз пайыз ескірген. Ақтөбе облысында жұмыс берушілер стандарттау органдарында сертификациядан өтпеген құралдарды пайдаланады. Ол өз кезегінде жұмысшылар өміріне қатер төндіріп отыр.

"Осыған байланысты облыс прокурорларына анықталған заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған тиісті шараларды қабылдамаған кәсіпорындардың қызметін тоқтату туралы тапсырма берілді", - деді С. Нұрпейісов.

Өткен прокурорлық тексерулердің шеңберінде заң бұзушылықты жою туралы 134 таныстыру енгізілген. Нәтижесінде 250-ден астам тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі қылмыстық іс қозғалған. "Прокуратура органдары шетел кәсіпорындарында жұмыс істейтін 2000-нан аса қазақстандық жұмысшының конституциялық құқығын қалпына келтірді", - деп сөзін аяқтады Бас прокуратураның өкілі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны