26.07.2007, 13:49 2370

Степногорск қаласында өткен жылдың аяғында ұсталған лаңкестік топтың 10 мүшесіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот мәжілісі басталады

АСТАНА. 26 шілде. Kazakhstan Today. Степногорск қаласында өткен жылдың аяғында ұсталған лаңкестік топтың 10 мүшесіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот мәжілісі 30-шілдеде басталады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР ҰҚК-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, өткен жылдың аяғында ұсталған лаңкестік топтың 10 мүшесіне ҚР қылмыстық кодексінің 233 бабы (лаңкестік топ құру, басқару және оның іс-қызметі атсалысу), 251 бабы ( қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен жарылғыш қондырғыларды заңсыз сатып алу, сату, сақтау), 252 бабы (заңсыз қару жасау) және 164 бабы (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздық тудыру) бойынша айып тағылып отыр.

"Осы іске қатысы бар екі адамның үстінен тергеу барысында ҚР қылмыстық кодексінің 65-ші бабына сәйкес қылмысын өкінішпен мойнына алуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуға шешім қабылданды".

Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, бұған қоса "бұрын тәркіленген қару-жарақ пен оқ-дәрінің сыртында арнаулы қойма табылып, одан түрлі калибрлі 5 мың оқ, капсюль-детонаторлар мен от өткізгіш жіптер секілді жарылыс тудырушы құралдар, Ақмола облысы мен Астананың топографиялық карталары табылды, оларда қаскүнемдердің пиғылынша, қастандық жасалуға тиіс мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ғимараттары бөліп көрсетілген".

"Айыпкерлердің жарылғыш заттарды Степногорск қаласындағы тау-кен өндірісі нысандарынан астыртын сатып алғандығы дәлелденді", - деп хабарлайды баспасөз қызметі. Арнаулы қызметтің мәліметінше, "қолдан жасалған жарылғыш заттарды сынақтардан өткізу үшін ұсталғандар олармен Степногорск қаласынан 70 шақырым жердегі қараусыз қалған саяжай массивіндегі ғимараттарды жарған".

"Тергеу барысында айыпкерлердің инкассаторлық машинаны тонауға, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін кепілдікке алуға және полиция учаскелеріне шабуылдар жоспарлауға жасаған әрекеттері толық дәлелденді", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны