30.01.2023, 13:24 24481

Өткен жылы өндірісте 200-ден астам адам қаза тапты

Өткен жылы өндірісте 200-ден астам адам қаза тапты
Астана. 30 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - 2022 жылдың қорытындысы бойынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1465 жұмыскер зардап шекті, оның 203-і қаза тапты, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті.

Ведомство, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, өндірістік жарақат 2021 жылдың деңгейінде сақталғанын атап өтті.

Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында - 180 адам, ШҚО-да - 169 адам, Қостанай облысында - 142 адам, Павлодар облысында - 112 адам, Ақтөбе облысында - 103 адам, Алматы қ. - 114 адам зардап шекті.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде - 16,2 % және құрылыс саласында - 15 %. Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,9%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (29%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (9,4%); қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,8%)", - деп хабарлады ведомствода.


Сондай-ақ, комитет соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түскенін атап өтті.

Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 2800 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды "халықтық бақылаушы" ретінде тартуды көздейтін "Халықтық бақылау" әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Бүгінгі күні жобаны жүзеге асыруға республиканың 240 кәсіпорны қосылып, онда 600-ден астам жұмыскер ішкі бақылауды жүзеге асыруда", - деді ведомствода.


2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан "Нөлдік жарақат - Vision Zero" тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 332 кәсіпорын қосылды.

Сонымен қатар, "Онлайн еңбек консультанты" электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 13 854 жұмыс беруші оны пайдаланды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Шахтинск қаласында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Ленин атындағы шахтасында бес қызметкер қаза тауып, тағы төрт қызметкер зардап шекті. Трагедияға жауапты 26 адам анықталды, оның ішінде "АрселорМиттал Теміртау" ЖШС басшылығы және шахтаның инженерлік-техникалық құрамын басқарушылар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам өліміне әкеліп соғатын тұрақты жазатайым оқиғаларға байланысты кәсіпорында кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Экология министрлігі "АрселорМиттал Теміртау"-дан  миллиардтаған айыппұл талап етілетінін мәлімдеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны