06.06.2022, 15:14 14846

Тоқаев референдумды Қазақстан тарихындағы бетбұрысты сәт деп атады

Тоқаев референдумды Қазақстан тарихындағы бетбұрысты сәт деп атады
НҰР-СҰЛТАН. 6 МАУСЫМ - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Саудты қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы Корольдіктің сыртқы саяси ведомство басшысына ілтипат білдіре отырып, оның бұл сапары еліміздің тарихындағы бетбұрысты сәтпен – жалпыұлттық референдуммен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Аталған аса маңызды шараның қорытындысы Жаңа Қазақстан құруға кірісуге мүмкіндік береді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның араб және ислам әлеміндегі басты серіктесінің бірі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, туризм, тау-кен металлургиясы және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы инвестициялық мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды.
 

Елдеріміз ортақ құндылықтарға негізделген саяси диалогты достық пен өзара сенім рухында дәйекті түрде дамыта береді. Қос киенің сақшысы Король Салман бен Әбдел Әзизбен және Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен арадағы табысты ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенімізді білдіремін", – деді Президент.

 
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясының үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ тиісті келіссөздерді жүргізу үшін өкілетті үкіметтік делегацияны Эр-Риядқа жіберуге дайын екенін айтты.
 
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Мекке мен Мединеде қазақстандық қажыларға қажетті жағдай жасалатыны және дәстүрлі қонақжайлық көрсетілетіні үшін Корольдіктің басшылығына ризашылығын білдірді.
 
Фейсал бен Фархан Сауд Арабиясы Королі мен Тақ мұрагерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді. Саудиялық дипломат Қазақстан Президентін елімізде референдумның табысты өтуімен құттықтады.
 

Сауд Арабиясы Корольдігі Сіздің басшылығыңызбен Екінші Республиканы құру ісінде және Қазақстанның одан әрі өркендеуіне бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асыруды жалғастыруда табыс тілейді", – деді министр. 

 
Еске салайық, бүгін жалпыхалықтық референдумда дауыс берген қазақстандықтардың дауыстарын санау аяқталды. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізуді сайлаушылардың 77,18 пайызы қолдады.
 
Референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 миллиард 460 миллион теңге бөлінді.
 
Егер азаматтардың көпшілігі түзетулер үшін дауыс берсе, Конституцияда не өзгереді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны