07.09.2006, 17:44 3122

Төтенше жағдайлар министрлігінде 0,5 млрд. теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары анықталды

АСТАНА. 7-қыркүйек. Kazakhstan Today. Төтенше жағдайлар министрлігінде 0,5 млрд. теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары анықталды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Республикалық бюджеттің атқарылуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Бақылау шараларының барысында есеп комитеті еліміздің төтенше жағдайлар министрлігіндегілер жалпы сомасы 556,12 млн. теңгенің қаржылық заң бұзушылықтарына жол бергенін анықтады",- делінген мекеменің хабарламасында.

Мәселен, бақылаушы мекеменің ақпаратына сәйкес, Астанада Есілдің сол жақ жағалауында өрт сөндіру депосының құрылысын салуға 372,8 млн. теңгенің қаржысы бөлініп, алдын-ала қаржының 30 проценті аударылған. Нысан 2006-жылдың мамыр айында салына бастауға тиіс болатын. "Алайда, тексеру кезінде құрылыс жұмыстарының басталмағаны белгілі болды. Сонымен бірге министрлік құрылыс жұмыстарын жүргізуге бағытталған байқауды нысанға арнап бөлінген жер теліміне сәйкес келмейтін техникалық шарттарға негіздеп жасалған жобалық- сметалық құжат бойынша жүргізген",- делінген хабарламада.

Бақылау нәтижесінде сондай-ақ, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлім бастықтары мен олардың орынбасарларының, сондай-ақ, бас мамандарының лауазымдық категориялары бекітілген типтік лауазым категорияларынан біршама жоғары белгіленген. Соның салдарынан өрт сөндіру қызметі мен оның 16 бөлімінде 21,7 млн. теңгенің жалақысы негізсіз төленген.

Сонымен бірге мәтінде атап көрсетілгеніндей, "министрлік жергілікті бюджеттен балансқа негізсіз қабылданған 71,2 млн. теңгенің кредиторлық берешегін республикалық бюджеттің есебінен толық өтеп берген".

Сонымен бірге, төтенше жағдайлар министрлігінде бекітілген нормаға сәйкес, өрт сөндіру қызметінде 2472 өрт сөндіруші көлік болуға тиіс. "Алайда, қазір іс жүзінде көліктердің 48 проценті ғана бар", деп хабарлайды есеп комитеті. Сонымен бірге өрт сөндіру қызметінің 20 ірі қаладағы бөлімшелері толық жабдықталмаған. Ал 5 мыңнан артық халқы бар 64 елді мекенде өрт сөндіру қызметі деген мүлдем жоқ. Ал 2005-жылы өрттерден келген шығын көлемі 7,9 млрд. теңгені құраған, деп хабарлайды қаржылық қадағалау мекемесі.

Осыған байланысты есеп комитеті төтенше жағдайлар министрлігіне кемшіліктерді жойып, лауазым иелерін тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде нұсқау берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны