19.09.2006, 12:10 3092

Үкіметте атом энергетикасын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

АСТАНА. 19-қыркүйек. Kazakhstan Today. Премьер-министр Даниал Ахметовтың төрағалық етуімен кеше атом энергетикасын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылы шілдеде Ресей және Қазақстан мемлекеттерінің басшылары бейбіт мақсатта атом өнеркәсібін пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасаған. Кеңеске қатысушылар үкімет басшысына хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы ақпарат берді.

Екіжақты әзірленген жоспарға сәйкес толықтай алғанда, іс-шаралар кесте бойынша жүргізілуде. Бүгінгі күні бірлескен кәсіпорын құрудың тұжырымдамасы мен негізігі өлшемдері айқындалды. Ақтау қаласында атом станциясы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Таяу уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында бірлескен ядролық зерттеулер институтының филиалын ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар, үкімет басшысы ядролық әзірлемелер саласында Ресеймен іс-қимыл ынтымақтастығының нақты бағдарламасы жоқ екеніне назар аударды. "Ғылыми бағдарламаның жобасын әзірлеп, екі жақтың қатысушыларын анықтау керек. Ғылыми бағдарлама тура бір айдан кейін жұмыс тобының қарауына енгізілуі тиіс", - деп атап өтті премьер-министр. Ғарыштық бағдарламаның жемісті іске асуынан кейін атом энергетикасын дамыту басым бағытқа айналады.

Газға бағаның жылдам өсе түсуін ескере отырып, Даниал Ахметов энергетика және минералды ресурстар министрлігіне "КЕГОК" ұлттық компаниясымен бірлесіп, еліміздің батыс аймағын балама энергия көзімен қамтамасыз етуге тапсырма берді. Мамандардың болжамдары бойынша, таяу уақытта газ бағасының қымбаттауына байланысты энергия құны да едәуір өсе түспек.

Үкімет басшысы сондай-ақ жұмыс тобына Ресей мен өзге әлемдік өндірушілердің машина жасау саласындағы мүмкіндіктері жөнінде зерттеу жүргізіп, ұсыныс енгізуді жүктеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны