13.11.2006, 17:20 3064

Үстіміздегі жылдың он айы ішінде жол апаттарынан 197 адам қаза болды

АЛМАТЫ. 13-қараша. Kazakhstan Today. Үстіміздегі жылдың он айы ішінде жол полициясы басқармасына жол апаты болғаны туралы 33 117 хабар түссе, соның 2330-да зардап шеккендер болған. Жалпы жол апаттарынан 197 адам қаза болды. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД ЖПБ бастығы полиция полковнигі Бақыткелді Айқымбеков қалалық ІІД-де өткен кеңесте хабардар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқарма бастығы келтірген статистикалық мәліметтер адам шығынына алып келген жол-көлік оқиғаларының жиілеп отырғанын айғақтады. Мәселен, осы уақыт аралығында Алматы қалалық ІІД ЖПБ қызметкерлері 137 653 жол ережесін бұзу оқиғасын анықтаған. Ішімдік ішіп алып, көлік басқарған 6355 жүргізуші қолға түсті. Б.Айқымбеков Алматыда жыл сайын автокөліктер санының артып отырғанын атап өтті. Мәселен 2006 жылдың 10 айы ішінде 73918 автокөлік тіркелген. Жалпы есеп бойынша бүгінгі таңда қаламызда тіркеуде 425 619 транспорт құралы бар екен.

Алматы ЖПБ жеке құрамы жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілердің өрескел жол тәртібін бұзуын анықтау мақсатында 152 рейдті іс-шаралар қолға алынған. Осынау жұмыстар барысында 17,2 мың жол тәртібін бұзу дерегі әшкереленсе, 24 жүргізуші автобустар мен бағытты шағын автобустарды мас күйінде басқарғаны анықталды. Сол үшін кәсіпорын басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қалалық ІІД бастығы Ерлан Тұрғымбаев келесі жылы жол полициясы басқармасының материалдық-техникалық базасын нығайту жоспары барын да атап өтті. Мәселен, ЖПБ автопаркі 24 жаңа мотоцикілмен толығатынын және патрульдік автокөліктердің жаңартылатынын айтты. Ал заманға сай бейне-түсіру құралдары Алматы көшелерінде өрескел жол тәртібін бұзушылармен күреске жәрдемдесетін болады.

Сонымен бірге ІІД бастығы жол полицейлерінің өздерінің тәртібіне жете көңіл бөлуді ескертті. ІІД бастығы жол полицейлерінің жол-көлік қозғалысына қатысушыларға деген дөрекі қарым-қатынастан арылуға, мәдениет деңгейін көтеруге шақырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны