18.01.2007, 16:10 3052

Жер қойнауын пайдаланушылар келісімнің шарттарын жартымсыз орындауда - Мәсімов

АСТАНА. 18-қаңтар. Kazakhstan Today. "Тұтастай алғанда, қазіргі жағдаймен жер қойнауын пайдаланушылар келісімнің шарттарын жартымсыз орындауда". Бұл туралы бүгін ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігінде өткен алқа мәжілісінде республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Ең алдымен барлау мерзімін ұзарту, кеніштерді өнеркәсіптік тұрғыда пайдалана бастау, шығындардың әсіре артуы туралы сөз болып отыр. Осы мәселе жайында жеткілікті айтылды. Нәтижесінде бұл мемлекет пен халыққа үлкен шығын келтіруде",- деді К.Мәсімов. Оның пікірінше, "осы орайда энергетика және минералды ресурстар министрлігі атқаратын іс шаш-етектен".

"Бұл істе мейлінше табанды әрі ашық болу, заңнама шеңберінде мемлекеттің мүддесін нақты қорғау қажет.. Біз мемлекет ретінде өз міндеттемелеріміз бен міндеттерімізді орындауға тиіспіз",- деді үкімет басшысы еліміздің энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетовке қаратып айтқан сөзінде. "Мен республиканың энергетика және минералды ресурстар министрлігіне ағымдағы жылдан бастап экономика және бюджетті жоспарлау министрлігімен және қаржы министрлігінің арнаулы бөлімімен бірлесе отырып, келісім-шарттарында жүктеп алған міндеттемелердің орындалуына тиімді мониторинг жүргізуді және қандайбір кемшілік анықталған жағдайда дер кезінде шара қолдануды тапсырамын",- деді К.Мәсімов.

Бұған қоса үкімет басшысы республиканың энергетика және минералды ресурстар министрлігіне білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, қазақстандық мамандарды оқыту және шетелдік жұмыс күшін алмастыру мәселесі бойынша келісім-шартындағы міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуді міндеттеді. "Жер қойнауын пайдалануға жасалған келісім-шарттарында қазақстандық мамандарды оқытып, дайындау қарастырылғаны белгілі. Ийтсе де, іс жүзінде елімізде, соның ішінде негізгі мұнай өңдеуші кәсіпорындар шоғырланған батыс өңірлерде жұмыссыздық белең алғаны ешкімге құпия емес",- деді К.Мәсімов. "Үкіметтің міндеті - осы проблеманы шешу",- деді ол.

Сонымен бірге үкімет басшысы республиканың энергетика және минералды ресурстар министрлігіне саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жағын ойластыруға нұсқау берді. "Бүгінде депутаттардың көмегімен көптеген мәселелер заңнамалық тұрғыда шешімін тапқанымен, заңдарды орындауға қажетті нормативтік-құқықтық базаның жайы мәз емес",- деп санайды үкімет басшысы. "Бұл мәселе министрдің тікелей бақылауында болуға тиіс",- деді К.Мәсімов. Оның пайымдауынша, құзырлы мекеме жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыста "рұқсатнамалық құжаттардың санын азайтуға, оларды алу тәртіптерін жеңілдетіп, оны нақты регламенттеуге тиіс".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны