Имя
E-mail
Тема
Текст
Логин     Пароль
21 қыркүйек 2018
  • 08
  • :
  • 21
17:00

Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ салтанатты ашылу рәсіміне қатысты05.07.2018
Государство  23:39
Астана. 5 шілде. Kazakhstan Today - Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ салтанатты ашылу рәсіміне қатысты,- деп хабарлайды Ақорда.

Ашылу рәсімі басталар алдында Қазақстан Президенті отандық және шетелдік компаниялардыӊ цифрлық технологияларыныӊ көрмесін аралап көріп, цифрлық қаржылық технологиялар саласындағы инновациялық әзірлемелермен танысты.

Елбасы іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде барша жұртты "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ ресми ашылуымен құттықтады.

- Біз Астана үшін осынау ауқымды әрі маӊызды шараға көӊіліміз ерекше толқып, зор қуанышпен келіп отырмыз. Қазақстан - ғасырлар тоғысында кеӊ далада әсем астана тұрғызған әлемдегі жалғыз мемлекет. "Астана" халықаралық қаржы орталығы - тәуелсіз Қазақстан тарихыныӊ жаӊа кезеӊініӊ бастауы, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қаржы орталығыныӊ құрылуы халықаралық бизнес қоғамдастығыныӊ біздіӊ елге деген сенімініӊ және табысты даму жолымызға берген жоғары бағасыныӊ белгісі саналатынын айтты.

Елбасы халықаралық қаржы орталығын құру туралы идеяны алғаш рет 2015 жылы жаһандық жаӊа сын-тегеуріндерге қарсы тұрудыӊ бірден-бір жолы ретінде ұсынғанын атап өтті.

- Бүгінде елімізде ауқымды құрылымдық және институционалдық реформалар жүзеге асырылуда. Олар Қазақстанныӊ бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемніӊ озық дамыған 30 елініӊ қатарына қосылуына бағытталған, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бизнес ахуалды жақсарту және құқықтық ортаны жетілдіру үшін жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.

Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығы жетекші қаржы орталықтарыныӊ тәжірибелері мен олардыӊ құрылу тарихын мұқият зерттеу нәтижесінде ашылғанын айтты.

- Қаржы орталығыныӊ қазақстандық моделі әлемдік қаржы құрылымдары қызметтерініӊ еӊ үздік тәжірибелерін басшылыққа алған. Бұл орталық Қазақстан Республикасыныӊ резиденттерімен де, резидент емес субъектілермен де жұмыс істейтін болады. "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ қызметіне қатысушылар Қазақстан мен оныӊ өӊірлерініӊ ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемніӊ капиталына қол жеткізе алады, - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті қаржы орталығыныӊ құқықтық мәртебесі конституциялық заӊмен бекітілгеніне және оныӊ ресми тілі ағылшын тілі екеніне назар аударды.

- "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ қызметіне қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеӊілдіктер, сондай-ақ жеӊілдетілген валюта, виза және еӊбек режімдері қарастырылған. Бұл - жұмысы ағылшын құқығына негізделген өӊірдегі жалғыз орталық. Тәуелсіз Сот пен Халықаралық арбитраж орталығы әділетті болуға және тараптардыӊ құқықтарын сақтауға кепілдік береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығында тиісті сенім ахуалы мен тиімді ынтымақтастық қалыптасқанын айтты.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті орталықтыӊ ашылуымен бір мезетте өз жұмысын бастайтын "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасыныӊ қызметіне де тоқталды.

- Қазіргі уақытта "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ биржасында активтерініӊ жалпы көлемі 34 миллиард доллар болатын 14 жергілікті және халықаралық брокерлер бар. Бұл көрсеткіш арта береді, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев биыл исламдық құнды қағаз - "сукукты" шығару жоспарланып отырғанын айтты.

- "Астана" халықаралық қаржы орталығы қызметініӊ маӊызды саласы - инновациялық қаржы технологияларын дамыту үшін тиімді орта қалыптастыру. Жаӊа қаржы технологиялық өнімдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін "реттеуші sandbox" жұмыс істейтін болады. Капитал нарықтарын дамыту және жеке тұлғалардыӊ қаржысын басқару да "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ басымдығы болып саналады, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ тұсаукесер рәсімін Астана мерейтойы қарсаӊында өткізудіӊ символдық мәні бар екенін атап өтті.

- Астана Еуразиялық кеӊістіктіӊ мойындалған орталығына айналды және қазіргі заманныӊ еӊ өзекті деген мәселелері жөнінде халықаралық түсіністікті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Мұнда бизнес қарқынды дамып келеді, шамамен 100 мыӊға жуық кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істейді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елордада технологиялық және мейлінше жайлы тіршілік ортасын қалыптастыруға бағытталған "Ақылды қала" тұжырымдамасыныӊ жүзеге асырылу барысы жөнінде айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаӊадан құрылған Экспат орталығы жұмысыныӊ ерекшеліктеріне тоқталды.

- Экспат орталығы визалық көші-қон, салық, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету және әкімшілік полиция қызметтерініӊ бір орталықтан қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Мұнда әлемніӊ жетекші қаржы институттарыныӊ өкілдіктері ашылуда. Осы мүмкіндіктер мен ресурстардыӊ бәрі "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлерді халықаралық қаржы орталығыныӊ қызметін пайдалануға шақырды.

Соӊында Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығыныӊ барлық әріптестеріне белсенді қолдауы мен орталықты құру ісіне атсалысқаны үшін зор ризашылығын білдірді.

- Астана өӊірдегі негізгі қаржы хабына айналуға тиіс. Ал, келешекте Азияныӊ жетекші қаржы орталықтарыныӊ қатарына қосылуы керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Просмотров: 6143

При использовании информации с сайта гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна. Авторские права на материалы агентства.
Заметили ошибку на сайте? Выделите текст и нажмите Ctrl+Enter