26.04.2022, 17:05 12581

Қазақстанда 16 мыңнан астам шетелдік азамат жұмысқа орналасты

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер Қытай, Түркия, Үндістан болып табылады.
НҰР-СҰЛТАН. 26 СӘУІР - 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 16 278 шетелдік азамат еңбек етеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Еңбек министрлігінде айтылғандай, шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 639 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 150 рұқсат (екінші санат). 
 

Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 115 және 825 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 197 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 352 адам тартылды", - деп нақтылады баспасөз қызметі.

 
Ведомствоның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 683 жұмыс беруші бар. Оларда 429 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ын құрайды.
 
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 685 адам, Түркия – 1 977 адам, Үндістан – 1 268 адам, Өзбекстан – 1 195 адам, Сербия – 1 109 адам.
 
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге сала кетейік. 
 
Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін Еңбекмині шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны