19.04.2023, 16:08 28241

Қазақстанда 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда

Қазақстанда 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда
Ағымдағы жылы 5 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылады

Астана. 19 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің тұрғын үй, көлік және туризм инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Әлихан Смайылов қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана салынатынын хабарлады. Сондай-ақ 5 мың шақырым инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа Құрылыс кодексі Мәжіліске енгізіледі деп күтілуде.

Көлік инфрақұрылымы саласында 2025 жылға дейін республикалық жолдардың барлығын жаңғырту және жергілікті жолдардың 95%-ын қалпына келтіру жоспарлануда. Биыл елімізде 3,6 мың шақырым жол құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жыл соңына дейін 856 шақырымы пайдалануға беріледі.

Премьер-Министр былтыр қараша айында "Достық - Мойынты" теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы басталғанын еске салды. Биыл маусым айының соңына дейін "Дарбаза - Мақтаарал", "Алматы станциясының айналма теміржол желісі" және "Бақты - Аягөз" жобалары бойынша техникалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр жүк көлемі 2 есеге өсіп, 1,7 млн тоннаға жеткен. Әзербайжан, Түркия және Грузиямен қабылданған Жол карталарын іске асыру нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен биыл 2 млн тонна жүк өткізіледі. Ал 2025 жылға дейін жалпы өткізу қабілеті 10 млн тоннаға дейін көтеріледі.

Туризм саласында құны 290 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жоба іске асырылады және 5,7 мың жаңа жұмыс орындары ашылады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны