07.06.2022, 14:17 8581

Қазақстанның екі облысында егіс науқаны созылды

Биылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша, егіс жұмыстары Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыстарда аяқталды.
Қазақстанның екі облысында егіс науқаны созылды
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 7 МАУСЫМ - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында егіс науқанының неліктен ұзаққа созылғанын айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша, биылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша егіс жұмыстары Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыстарда аяқталды. Аталған облыстарда егіс жұмыстары егіс кезеңіндегі жауын-шашынға байланысты созылды, жұмыстар осы аптаның соңында аяқталады деп жоспарланған", - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында.

 
АШМ басшысының деректері бойынша, жаздық дақылдар 19,8 млн га алқапта немесе белгіленген жоспардан 100,2% (жоспар 19 835,3 мың га), картоп - 189,6 мың га (99,4%, жоспар 190,7 мың га), көкөніс - бақша дақылдары - 269,2 мың га (97,4%, жоспар 276,5 мың га), көпжылдық шөптер - 429,6 мың га мың га (99,7%, жоспар 430,7 мың га).
 
Сондай–ақ Қарашөкеев майлы дақылдар 3,1 млн га (жоспар 3 094 мың га), қант қызылшасы – 12,3 мың га (жоспар 11,1 мың га), мақта – 121,1 мың га (жоспар 114,7 мың га) егілгенін айтты.
 

Жалпы, егіс алқабы 23,1 млн гектарды құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 105 мың гектарға артық. Өндірісті әртараптандыруға және монодақылдан алшақтауға сәйкес, дәнді дақылдар алқаптары 285,5 мың гектарға қысқарды", - деп нақтылады министр.

 
Ол сондай-ақ басым дақылдардың өскені байқалатынын, мысалы, майлы дақылдар 24,9 мың гектарға, картоп 2,4 мың гектарға, көкөніс 1,7 мың гектарға және жем-шөп дақылдары 448,1 мың гектарға ұлғайғанын қосты.
 
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдерді қабылдағанын атап өтті.
 
Атап айтқанда, фермерлерді қолдау мақсатында бюджеттік кредиттің жалпы сомасы 140 млрд теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыру екі есеге, яғни 80 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы АӨК саласын қаржыландыруға бюджетті нақтылау кезінде қосымша 298 млрд теңге бөлінді.
 
Одан бөлек, дизель отынының қажетті көлемі нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен жеткізілді, отандық өндірушілерден алынатын минералдық тыңайтқыштардың бағасы төмендетілді.
 
Осылайша, биыл агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді, деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі.
 
Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылы құрғақшылық болғанына қарамастан, бидайға деген ішкі қажеттілік толығымен қамтамасыз етілді.
 

Экспорттық міндеттемелерді орындап, қажетті қор жинап алдық. Биыл жаңа өнімді жинап алғанша, елімізде жеткілікті астық қоры бар", — деді ҚР Премьер-Министрі.

 
Бұл орайда БҰҰ-ның наурыздағы бюллетеніне сәйкес, Қазақстанда биыл астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. 
 

18-19 млн тонна астық жиналса, ішкі қажеттілік шамамен 8 млн тоннаны құрайды. Тіпті қолайсыз ауа-райы мен жиналатын өнімнің болжамы нашар болған күннің өзінде Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", - деп толықтырды Премьер-Министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны