20.02.2023, 10:47 24871

Қазақстанда егіс жұмыстарына дизель отынын электрондық бөлуді енгізу жоспарлануда

Шаруалар үшін жанармай көлемін қалыптастыру және бөлу ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша 1 гектарға дизель отыны шығысының нормативтеріне сәйкес, егіс алқаптарын ескере отырып жүргізілетін болады
Астана. 20 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Ауыл шаруашылығы министрлігі дизель отынын бөлудің барлық процестерін, оның ішінде дизель отынын жеткізу жөніндегі операторларды айқындау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін және операторларды айқындау шарттарын, сондай-ақ дизель отынының көлемін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде электрондық қалыптастыру және бөлу процесін қамтитын қағидалардың жобасын әзірледі, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде айтылғандай, шаруалар үшін жанармай көлемін қалыптастыру және бөлу ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша 1 гектарға дизель отыны шығысының нормативтеріне сәйкес, егіс алқаптарын ескере отырып жүргізілетін болады.

Дизель отынын алушылардың тізілімі gosagro.kz порталында автоматтандырылған режимде жасалады.

Қазіргі уақытта қағидалар жобасы салалық қоғамдық ұйымдар мен "Атамекен" ҰКП-да қарау және келісу рәсімінен өтіп жатыр. Құжаттың жобасымен "Ашық НҚА" порталында да танысуға болады. Барлық келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар қаралады және негіз болған жағдайда қағидалар жобасын пысықтау кезінде ескерілетін болады", - деді баспасөз қызметінде.


Ведомство дизель отынын электрондық бөлуді СБМАЖ-ға республика өңірлерінде пилоттық режимде сынақтан өткізгеннен кейін ғана енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов егіс кезеңінде жанар-жағармайдың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны