11.10.2021, 18:41 27258

Қазақстан мен БАӘ-нің жаңа бірлескен жобалары $6 млрд-тан асады

2021 жылғы 9-10 қазанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды.
НҰР-СҰЛТАН. 11 ҚАЗАН - Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен жаңа жобалар пулы $6 млрд-тан асады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2021 жылғы 9-10 қазанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды. Абу-Даби қаласында Үкімет басшысы БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министр шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен, сондай-ақ Abu Dhabi Developmental Holding Company (ADQ) холдингтері және мемлекеттік даму институттары мен БАӘ-нің басқа да жетекші компанияларының басшылығымен келіссөз жүргізді.
 

Өткізілген келіссөздер қорытындысы бойынша экономиканың басым салаларында жобаларды дамыту бойынша ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Құжат ҚР ұлттық экономикасының энергетикалық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистикалық, фармацевтикалық және қаржы секторларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған, инвестициялардың жалпы көлемі $6 млрд-тан асады", - деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

 
Келісімді іске асырудағы Қазақстанның негізгі әріптесі өңдеу және өндіру өнеркәсібі, АӨК, көлік және логистика, қаржы, туризм, медиа және энергетика сияқты секторларда кеңінен ұсынылған Абу-Даби ADQ егемен қоры болады. Қордың басқаруында $175 млрд астам көлемдегі активтер бар. Келісім аясында "Самұрық-Қазына" АҚ ADQ-мен стратегиялық ынтымақтастық орнатып, жаңартылатын және дәстүрлі энергетиканы дамыту жөніндегі бірлескен энергетика холдингін құруға ниетті. ҚР-да қуаты 5 ГВт болатын күн, жел және су электр станцияларын салу бойынша бірлескен жобаларды және т.б. іске асыру жоспарлануда. 
 
 "Kazyna Capital Management" АҚ және ADQ ІТ, қаржы технологиялары, агротех, В2В және В2С, телекоммуникациялар, азық-түлік өнімдерін өндіру технологиялары, платформалық шешімдер және цифрлық трансформация және т. б. салаларда бірлескен стартап-жобаларды қаржыландыру үшін $100 млн-ға бірлескен венчурлық қор құрады. ADQ ҚР-да көтерме-тарату орталықтары желісінің құрылысына қатысады. Компания сондай-ақ Қазақстанның етті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және жеміс бағбаншылығында бірқатар ірі жобаны іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. "СҚ-Фармация" ЖШС мен Rafed ҚР фармацевтика өнеркәсібін дамытуда ынтымақтастық орнатады.
 
Премьер-Министрдің баспасөз қызметінде атап өткендей, сапар аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Sembol және Abu Dhabi Fund for Development компаниялары ҚР ШҚО-да "Катонқарағай" туристік кешені құрылысының жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықтың базалық шарттары туралы келісімге қол қойды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БАӘ Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрлігі арасында, сондай-ақ АХҚО мен Abu Dhabi Global Market (ADGM) қаржы орталығы мен Abu Dhabi Securities Exchange (ADX) биржасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, сапар аясында Қазақстан мен БАӘ пошта қызметтері "Естелік және мерейтойлық даталар" сериясымен "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Біріккен Араб Әмірліктерінің құрылғанына 50 жыл" тақырыбындағы екі пошта маркасын бірлесіп шығаруды жүзеге асырды.
 
Дубай қаласында Үкімет басшысы "EXPO 2020 Dubai" халықаралық көрмесіне барып, онда Қазақстан, БАӘ, РФ және т.б. ұлттық павильондармен танысты.
 
Қазіргі уақытта әмірлік компаниялары Қазақстанда жалпы құны $3,5 млрд-тан асатын 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға қатысуда.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны