04.04.2022, 16:51 9206

Қазақстан шетелдік инвестициялар ағынының пандемияға дейінгі деңгейіне оралды

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны (ТШИ) $23,7 млрд құрады, көрсеткіш 2020 жылымен салыстырғанда 37,7%-ға өсіп отыр ($17,2 млрд).
НҰР-СҰЛТАН. 4 СӘУІР - 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны (ТШИ) $23,7 млрд құрады, көрсеткіш 2020 жылымен салыстырғанда 37,7%-ға өсіп отыр ($17,2 млрд), деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Kazakh Invest" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Елдік қимасында Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған мемлекеттердің үздік бестігі өзгеріссіз қалды. Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай 25%-дан 92%-ға дейін өсімімен көшбасшылықты сенімді ұстап отыр. Аталған елдерден инвестициялар үлесі тартылған инвестициялардың жалпы көлемінің 68,3% құрайды", - деді "Kazakh Invest "ҰК" АҚ-да.

 
Өз кезегінде, үздік ондықтың екінші бөлігінде айтарлықтай өзгерістер байқалды. Бельгия салынған инвестицияларының 35,1%-ға ұлғайтып, Ұлыбританияны басып озып, 6 орынға иеленді. Оңтүстік Корея 73,2% -ға өсім көрсетіп, 9-шы орыннан 8-ші орынға көтерілді. Сонымен қатар, Түркия инвесторлары республикамызға инвестициялардың өсуін 87% -ға қамтамасыз еттіп 9 орында орналасты. Үздік ондықты Франция инвесторлары тұйықтады.
 
Осылайша, ұлттық компанияның мәліметтері бойынша, 2021 жылғы ТОП-10 инвестор ел келесідей: 
 
1. Нидерланд - $7,0 млрд;
 
2. АҚШ - $2,8 млрд;
 
3. Швейцария - $2,6 млрд;
 
4. РФ - $1,9 млрд;
 
5. Қытай - $1,8 млрд;
 
6. Бельгия - $1,06 млрд;
 
7. Ұлыбритания - $1,02 млрд;
 
8. Оңтүстік Корея - $805,5 млн;
 
9. Түркия - $679,5 млн;
 
10. Франция - $603,1 млн.
 
Салалар бөлінісінде қарайтын болсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығында инвестициялардың салымдары 2,8 есеге, кәсіби, ғылыми-техникалық қызметі саласында 2,6 есеге, ақпарат пен байланыс саласында 80,1%-ға, ал электрмен жабдықтау саласында 68,3%-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі де едәуір өсім көрсетті. Өткен жылы инвесторлар бұл салаға 2020 жылымен салыстырғанда $2 млрд-қа көп инвестиция құйды, өсім 65,4% құрады. 
 
Бүгінгі күні, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа Инвестициялық саясатының тұжырымдамасы ESG (Environmental - қоршаған орта, Social - әлеуметтік сала, Governance and Prosperity - корпоративтік басқару және экономикалық өркендеу) стандарттарына сай әзірленуде.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны