16.04.2021, 22:22 17594

I тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,6%-ға қысқарды

Тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 34% деңгейінде өсім көрсетті.
НҰР-СҰЛТАН. 16 СӘУІР - 2021 жылдың І тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,6%-ға қысқарған. Бұл туралы Инвестициялық штаб отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Әсет Ерғалиевтің айтуынша, тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 34% деңгейінде өсім көрсетті.
 

Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша оң өсім қарқынына 15 өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда қол жеткізілді. Көш бастаушы өңірлер — Түркістан (67,4%), Жамбыл (32,9%), Қостанай (23,3%), Қарағанды (22,8%), Солтүстік Қазақстан (20,6%) облыстары, сондай-ақ Шымкент (45,8%) және Алматы (34,5%) қалалары болды. Батыс Қазақстан (-48,7%) және Атырау (-39,8%) облыстарында артта қалушылық байқалады", - деп хабарлады ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінде.

 
Сонымен қатар, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов АӨК, фармацевтика, химия және металлургия өнеркәсібі секілді салаларда $4,2 млрд астам сомаға пысықтау деңгейі жоғары 12 жобаны дайындау барысы туралы баяндады.
 
2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде жалпы инвестиция сомасы 45,5 трлн теңге ($100 млрд) болатын 2500-ден астам жобаны іске асыру көзделген.
 
Аталған жобаларды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша ЖІӨ 30% деңгейінде нысаналы индикаторға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
 
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин 2021-2025 жылдарға ЦДИАӨМ байланыс және телекоммуникация, цифрлық майнингті дамыту, аэроғарыш өнеркәсібі, АT-саласы, электрондық өнеркәсіп салаларында жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 170 жобаны іске асыруды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Биыл 265 млрд теңге сомасына 64 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны