25.04.2023, 10:40 66016

Қазақстанда IMEI кодтары қайталанатын 3,7 млн телефон тіркелген

Қайталанатын IMEI кодтар құқық қорғау органдарына ұрланған ұялы телефондарды іздеу және оларды бұғаттау бойынша жедел жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермей отыр
Қазақстанда IMEI кодтары қайталанатын 3,7 млн телефон тіркелген
Сурет: pexels.com
Астана. 25 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елге ұялы телефондардың, оның ішінде IMEI кодтары қайталанатын телефондардың "сұр" әкеліну фактілеріне алаңдаушылық білдіреді, деп хабарлады ведомство басшысы Бағдат Мусин Үкімет отырысында.

Қайталанатын абоненттердің салдарынан ел бюджетіне ауқымды көлемде алым-салық төленбей отыр.

Цифрландыруды дамытудың жаңа жағдайында ұялы байланыс - коммуникация құралы ғана емес, сонымен қатар жеке деректерді, қаражатты, банк карталарын сақтауға арналған платформа. Сондай-ақ, гаджеттің көмегімен онлайн режимде кредит, микроқарыз ресімдеуге және түрлі мемлекеттік қызметті алуға болады. Осы орайда елге ұялы телефондарды, соның ішінде IMEI қайталанатын кодтарын әкелудің "сұр" схемасы жөнінде айта кеткен жөн", - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысында баяндама жасап.


Министрдің мәліметінше, қазір елімізде ұялы компаниялар желісінің сәйкестендіру кодтарының дерекқорында (IMEI код) қайталанатын 3,7 миллион абонент бар.

Қайталанатын абоненттердің болуынан мемлекет бюджетіне салық пен алым түрінде шамамен 100 млрд теңге түспей қалған. Сонымен қатар қайталанатын IMEI кодтар құқық қорғау органдарына ұрланған ұялы телефондарды іздеу және оларды бұғаттау бойынша жедел жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермей отыр", - дейді ол.


Б. Мусиннің айтуынша, министрлік "IMEI кодтар дерекқорын" кеден қызметінің жүйесімен интеграциялауды және абоненттерді тіркеу кезінде биометрияны қолдануды жоспарлап отыр.

Қазірдің өзінде Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ұрланған телефондардың IMEI кодтарын тексеруге болады", - дейді ведомство басшысы.


Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны