27.10.2021, 19:17 61104

Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін төмен көміртекті технологияларға 650 миллиард доллар инвестициялау қажет

Салымдардың ең көп үлесі электр және жылу энергиясын өндіруге - 305 млрд доллар қажет.
НҰР-СҰЛТАН. 27 ҚАЗАН - Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларға шамамен 650 млрд АҚШ долларын инвестициялау қажет, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, салымдардың ең көп үлесі электр және жылу энергиясын өндіруге - 305 млрд доллар, көлікке - 167 млрд доллар, тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне - 65 млрд доллар, ТКШ - 57 млрд доллар, ауыл шаруашылығына - 49 млрд доллар қажет. 
 
Сонымен қатар, модель бағалауы бойынша көмір, мұнай және газ өндіру секторына инвестициялар ұзақ мерзімді перспективада осы ресурстарға сұраныстың төмендеуіне байланысты қысқаратын болады. 
 

Мысалы, қазірдің өзінде Үкімет ЖЭК секторына инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Соның бірі Қазақстанда СО2 шығарындыларын азайтуға бағытталған ЖЭК ірі жобаларын іске асыру жөніндегі БАӘ-мен инвестициялық ынтымақтастық болып табылады. Мәлімделген көрсеткіштер мен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын қамтамасыз ету үшін бізге салалық саясатты реформалау қажет. Өнеркәсіп секторында Доктринада әзірленген индикаторларға қол жеткізу үшін энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу жөніндегі шараларды іске асыру қажеттілігі ескерілуі тиіс. Бастапқы ресурстарды екіншілік ресурстармен алмастыру саясатын күшейту қажет, бұл ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын едәуір төмендетуге алып келуі мүмкін. "Жасыл" көліктің тиісті инфрақұрылымын дамыту үшін қолдау шараларын әзірлеу керек", - деді Серікқали Брекешев ОКҚ брифингінде.

 
Терможаңғырту арқылы қолданыстағы тұрғын үй қорында жылу шығынын үштен бірге төмендету қажет, жаңа ғимараттар ЖЭК-ті міндетті түрде пайдалана отырып, энергия тиімділігінің жоғары сыныбына сәйкес келуі тиіс.
 

Органикалық өнімге әлемдік сұранысты ескере отырып, Өсімдік шаруашылығы секторында егіншіліктің органикалық әдістеріне көшуді жеделдетіп, органикалық өнім экспорты саласында мемлекеттік қолдау көрсетуді бастау керек. Мал мен құс басын көбейту мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу үшін биогаз қондырғыларын кеңінен тарату жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді. Қазақстанның көміртекті бейтараптық жолында дамуы оңай болмайды, бірақ экономиканың тұрақты дамуына негіз болады және елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады", - деп атап өтті ведомство басшысы. 

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны