07.12.2009, 17:18 3020

Қазақстан Шығыс Азияға 3 млн тонна астық жеткізеді - Шүкеев (толықтырылған)

Қазақстан Шығыс Азияға 3 млн тонна астық жеткізеді - Шүкеев (толықтырылған)

Астана. 7 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан Қытай арқылы транзиттік жолмен Шығыс Азияға 3 млн тонна астық жеткізеді. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің селекторлық отырысында үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Ө.Шүкеевтің айтуынша, Қытайға жасалған жуырдағы сапар аясында "Қытайға жеткізу немесе Қытай арқылы транзитті 3 млн тонна астықты Шығыс Азия елдеріне жеткізуге рұқсат беру жөнінде уағдаластық жасалған".

Оның айтуынша, Қытай үкіметімен келіссөздердің нәтижесінде "Қытайдың Ауылшаруашылығы министрлігіне астық импортымен айналысатын компания мен теміржолға Қытай арқылы 3 млн тоннаға дейінгі астықты тасымалдау немесе елдің ішкі тұтынымы үшін сатып алу мүмкіндіктерін тез арада қарастыру туралы тапсырма берілген".

"Сөйтіп, біз үшін өз астығымызды экспортқа шығаратын жаңа бағыт пайда болды", - деді үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев.

"Біз көтерген мәселемен Қытай жағы келісті, яғни, 3 млн тонна Қытай аумағы арқылы транзитті тасымалданса, тағы 3 млн тоннаға Қытайдың ішкі тұтынымына квота бөлінді, жалпысы 6 млн тонна", - деді журналистерге берген сұхбатында "ҚазАгро" Ұлттық холдингі басқармаларының төрағасы Асылжан Мамытбеков.

Алайда, оның айтуынша, "квотаны бөлу - олар барлық 3 млн тоннаны сатып алады дегенді білдірмейді". "Бұл мәселе Қытайдағы өз астық түсіміне байланысты тағы да түзетілуі мүмкін. Бәрі де ағымдағы жағдайға байланысты, бұл мәмілені түзететін де - сол ағымдағы жағдай", - деді "ҚазАгро" басшысы.

Астықтың экспорттала бастау мерзімі туралы сұраққа ол: "біз келесі жылдың басынан бастап экспорттай бастауды жоспарлап отырмыз. Біз Шығыс Азиядағы Корея, Жапония секілді елдермен нақты уағдаластық жасастық", - деді.

"Нақты келісім бойынша 700 мың тоннасын Оңтүстік Кореяға жіберетін болдық. Бірақ бұған дейін транзиттік мүмкіндіктер болмауға байланысты біздің еліміздің жеке экспорттаушылары бұл бағытқа назар аудармай келді. Ал қазір келісім болғандықтан, шарттар тез пайда болады", - деді ол.

Ол бұған қоса Кореядан Қазақстан астығы Малайзия мен Жапонияға экспортталуы мүмкін екенін айтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны