22.09.2006, 16:09 4664

Қырғызстан Қазақстандық инвесторларға 62 бизнес-жоба ұсынды

АЛМАТЫ. 22-қыркүйек. Kazakhstan Today. Қырғызстан Қазақстандық инвесторларға 62 бизнес-жоба ұсынды. Бұл туралы бүгін еліміздің энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов "Қазақстан-Қырғызстан: кәсіпкерлікке жаңаша мүмкіндіктер" атты бизнес-форумда құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның айтуынша, екі елдің билігі мен іскерлік өкілдері бүгінгі кездесу барысында аталмыш жобалар мен оларды шешу жолдары туралы талқылайды.

Б.Ізмұхамбетовтың айтуынша, Қырғызстанмен сыртқы сауда саласында байланыс орнатқан 100-ден астам елдің ішінде Қазақстан екінші орында. "2000-жылдан бері Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы дәйекті өсіп келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 9,9 процентке артты. 2006-жылдың қаңтар-маусым айларында тауар айналымы 179,8 млн. долларды құрады. Соның ішінде экспорт - 128,2 млн. долларды, импорт - 51,6 млн. долларды құрады",- деді Б.Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, Қырғызстаннан Қазақстанға импортталатын тауарлар құрылымында тас, әк, цемент, асбест, пластмасса өнімдер, мал шаруашылығы өнімдері, машина және жабдықтар, электротехникалық жабдықтар, азық-түлік өнеркәсібі өнімдері бар.

Б.Ізмұхамбетов сондай-ақ 2005-жылы Қазақстанның Қырғызстан экономикасына инвестиция салған елдердің арасында көшбасшы болғанын атап өтті. "Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандық инвесторлар Қырғызстан экономикасына 14,8 млн. доллар салды. Бұл 2005-жылдың осы мерзіміндегіден 2,3 есе артық және ол қырғызстан экономикасына жұмсалған жалпы инвестицияның 18,9 процентін иемденеді",- деді Б.Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, елімізде Қырғызстан капиталының қатысуымен 92 кәсіпорын тіркелген. Олар сауда-саттық, туризм, құрылыс, су тазарту және тарату, транспорт және жарнама салаларында жұмыс істейді. Қырғызстанда екі ел бірлескен 400 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде Тоқмақ құрылыс материалдары зауыты, Кант цемент-шифер комбинаты, Тоқмақ сүт комбинаты, Белеводье крахмал-патока комбинаты т.б.

Қырғызстанның қаржы-несие саласында еліміздің Қазкоммерцбанк, Қазақстан Халық банкі, Темірбанк, АТФБанк сынды банктер алдыңғы орында. "Қырғызстанда берілетін несиелердің жартысынан астамы Қазақстан капиталының қатысуымен құрылған банктердің үлесіне тиеді",- деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны