25.01.2022, 17:43 22616

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің өсу себептерін түсіндірді

Осы жылдың соңына қарай инфляция 6-6,5%-ға дейін баяулайды.
НҰР-СҰЛТАН. 25 ҚАҢТАР - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляция, оның негізгі құрамдас бөліктері және базалық мөлшерлеменің өсу себептері туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Әрине, базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны одан әрі төмендетуге бағытталған және бұл инфляцияға қарсы жалпы саясат негіздерінің бірі саналады. 2021 жылдың желтоқсанында шешім қабылдаған уақытта, біз инфляция мен инфляциялық болжамдардың орнықты факторларының тұрақтануын қадағалайтынымызды, сондай-ақ, эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату туралы шешім қабылдайтынымызды атап өткен едік", - деді Баймағамбетов.

 
Ол инфляция бойынша 2022 жылға арналған нысаналы бағдар – 4–6%, ал 2023 жылдан бастап ол 4-5%-ға дейін төмендейтінін айтты. Президент орта мерзімді перспективада инфляцияны 2025 жылы 3-4%-ға дейін төмендетуді тапсырды. Межелі бағдарды біртіндеп төмендетудің бұл траекториясы 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясында да қамтылған.
 

Монетарлық саясаттың трансмиссиялық тетігі инфляцияға кешігіп әсер ететінін ескерсек, қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін біз қазірден бастап барлық тәуекел ескерілген қажетті ақша-кредит шарттарын әзірлеуіміз керек. Осыған байланысты Ұлттық Банк инфляцияны төмендету және инфляциялық болжамдарды орнықтыру мақсатында дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыра береді", - деп түсіндірді сарапшы.

 
Оның айтуынша, негізгі үлес азық-түлік тауарларында. Осы ретте ескеретін жайт, өткен жылдың желтоқсан айында азық-түлік инфляциясының өсу қарқыны айтарлықтай төмендеп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 9,9%-ды құрады.
 

Айта кеткен жөн, Үкімет пен әкімдіктер негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұруға және олардың ірі қалаларға жеткізілу тізбегіндегі "осал жерлерді" анықтап, реттеуге күш салды. Бұл азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 2020 жылмен салыстырар болсақ, өткен жылы көптеген азық-түлік бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді. Көкөністер мен жемістер (жылдық өсу қарқыны 10,6%, 2020 жылы - 14,1%), май (17,6%, 2020 жылы - 21,6%), қант (15,1%, 2020 жылы-32,8%) сияқты тауарлардың инфляцияға үлесі төмендеді. Алайда, кейбір жекелеген азық-түлік түрлері үшін 2021 жылғы дақылды астық шығымының нашар болуына байланысты қалыпты баға өсімі әлі де сақталып отыр", - деді Баймағамбетов.

 
Азық-түлік тауарларында инфляция бәсеңдегенімен, керісінше, халықтың шектеу шараларына бейімделіп, тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, сондай-ақ, өнім өндірушілерде шығынның артуы өткен жылы азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының жедел өсуіне алып келді. Күллі әлемде жалғасып жатқан жеткізу тізбегінің бұзылуы, сауда саласындағы негізгі серіктес елдерде де инфляцияның шарықтауы – бағаның өсуіне мейлінше әсер етті. 
 

2021 жылдың қорытындысы бойынша, 8,5% деңгейінде қалыптасқан азық-түлік емес инфляцияға энергия ресурстарының (жанар-жағармай, дизель отыны, сұйылтылған газ) қымбаттауы анағұрлым көп үлес қосты, жалпы азық- түлік емес инфляция 3,2 п.т. немесе ~38% болды. Бұл өнімдердің қымбаттауы экономикаға тікелей әсер етіп қана қоймады, өндірісі мен логистикасында ЖЖМ қолданылатын тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеріп, сол арқылы қосымша жанама түрде инфляциялық қысым тудырылды", - деп түсіндірді маман.

 
Сонымен қатар, пандемия басталған уақыттағы бағалар мен тарифтер өсімін ұстап тұру да мүмкін болмай қалды. 2021 жылы жекелеген коммуналдық қызметтерге бағаның өсуі тіркелген болатын, оның ішінде электрмен жабдықтау – 9,3%-ға, газбен жабдықтау - 5,5%-ға өсті. Сұранысты қайта қалпына келтіру және ЖЖМ бағасының қымбаттауы көлік қызметі бағасының артуына ықпал етті. Офлайн дәсүрлі оқу форматына қайта оралу да өз кезегінде тұрғын үй жалдау (19,8%), білім беру қызметтерінің (7,9%) қымбаттауына себепші болды. Сондай-ақ, импорт құнының көтерілуі мен зейнетақы жинақтарын шешіп алудың салдарынан құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстарының бағасы шарықтады.
 

Базалық инфляцияның траекториясы өткен жылы инфляциялық процестердің баяулауының тұрақсыздығын және олардың нысаналы дәлізден жоғары қалыптасуын көрсетеді. Мұнда маңыздысы, оның 2021 жылдың тамыз-қараша айларындағы бәсеңдеуінен кейінгі оған қатысты түрлі бағалаулар 2021 жылдың желтоқсанында оның қайта үдегенін көрсетті. Бұл реттелмейтін тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі жоғары болуымен байланысты", - деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.

 
Оның пікірінше, шаралар кешенінің жүзеге асырылуының толық нәтижесі әлі де көрінбейді.
 
Шаралар кешені осы жылдың ақпан айының соңына дейін өзектендіріліп, орта мерзімді кезеңде инфляцияның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін және оның 2025 жылы 3-4%-ға дейін баяулауына ықпал ететін жаңа шаралармен толықтырылатын болады.
 

Мысал ретінде айта кетейін, өткен жылы Үкімет ӘМАТ бағасын ұстап тұруға күш салды. Бұл азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруға және төмендетуге әсер етті. Алайда, ӘМАТ құрамына 160 азық-түлік тауарынан 19 позиция немесе инфляция есебінде ескерілетін тұтыну қоржыны салмағының 11%-ы ғана енеді. Инфляцияның қалыптасуында азық-түлік үлесінің қомақты екенін ескерер болсақ, ӘМАТ тізіміне енбеген өзге де азық-түлік түрлеріне назар аударуымыз қажет", - деп түсіндірді Баймағамбетов.

 
Жалпы, инфляцияға қарсы шаралар нарықтық қағидаттарға негізделуі керек және мұнда Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, басы артық делдалдық пен мемлекеттің нарықтық процестерге араласуын қысқартуға байланысты құрылымдық өзгерістер болуы керек. Бұл шаралар инфляция мен болжамдарды 2025 жылдан бастап 3-4% ортамерзімді мақсатты дәлізге төмендетуге мүмкіндік бере отырып, Ұлттық Банктің макроэкономикалық және оның ішінде ақша-кредит саясатының тиімділігін арттырады.
 
Баймағамбетов өткен жылдың жоғары базасы аясында инфляцияның бәсеңдеуі күтілетінін айтты. 2022 жылы бәсеңдеудің негізгі драйверлері ретінде инфляцияға қарсы ден қоюдың жаңартылған шаралары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеу, сондай-ақ, реттелетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасын осы жылдың бірінші жартыжылдығында өсіруге мораторий енгізу шараларын атауға болады.
 
Сондай-ақ, инфляцияның бәсеңдеуіне өткен жылдың жоғары базасының статистикалық нәтижесі ықпал етеді, былтыр көптеген азық-түлік, ЖЖМ, және жекелеген қызмет бағаларының өсуі орын алған болатын.
 
Ұлттық Банктің Үкіметпен бірлескен шаралар нәтижесі ескерілген осы жылдың қаңтарындағы жаңартылған бағалауларына сәйкес, 2021 жылдың жоғары базасынан инфляциялық процестердің одан әрі баяулауы күтіледі. Осы жылдың соңына қарай инфляция 6-6,5%-ға дейін баяулайды.
 

Әрине, біз инфляцияның межелі дәлізіне қол жеткізуге тырысамыз, қазіргі уақытта бұл деңгей – дәліздің 4-6% жоғарғы шегі болып табылады. Міне, сондықтан, базалық мөлшерлемені 50 б.п.-ға көтеру туралы шешім қабылданды", - деп түсіндірді ҰБ төрағасының орынбасары.

 
Баймағамбетовтың айтуынша, өз тарапынан Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстануды және дезинфляциялық саясат жүргізуді жалғастырады.
 

Шешім қабылдау кезінде біз тәуекелдер балансына қараймыз. Өткен жылдың соңына қарай инфляцияның баяулауының тұрақсыздығы және азық-түлік емес инфляцияның жеделдеуі, онымен бірге жоғары инфляциялық болжамдар – Ұлттық Банктің мөлшерлемені көтеру туралы шешім қабылдауына себепші болды. Қазір Үкімет әзірлеп жатқан инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені тиімді болады деп күтеміз", - деп түсіндірді ол.

 
Бұдан кейінгі шешімдер сыртқы сектор тәуекелдерін жүзеге асыруды, эпидемиологиялық ахуалдың өршуін және инфляцияны төмендетуге орнықты тренд қалыптастыруды ескере отырып қабылданатын болады. Шешім қабылдаудағы талдаудың маңызды факторы – Үкіметтің инфляцияға қарсы саясаты шараларының нәтижелері болмақ.
 

Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлестірілген шараларын сәтті іске асыру Мемлекет Басшысы қойған мақсатқа қол жеткізу мақсатында 2025 жылы инфляцияны 3-4% дәлізінде төмендетуге және тұрақтандыруға мүмкіндік береді", - деп қорытындылады Баймағамбетов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны