05.04.2022, 14:34 10061

ҚР экономикасының болжамды өсімі 2,1%-ға дейін төмендеді

Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша, ағымдағы жылы әлемдік ЖІӨ өсу перспективаларының нашарлауы күтілуде.
ҚР экономикасының болжамды өсімі 2,1%-ға дейін төмендеді
НҰР-СҰЛТАН. 5 СӘУІР - Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша, ағымдағы жылы әлемдік ЖІӨ өсу перспективаларының нашарлауы күтілуде. Қазақстан экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жыл басынан бері ел экономикасы өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларында 3,5%-ды құрады", - деді Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

 
Ә. Қуантыровтың айтуынша, геосаяси жағдайдың шиеленісуіне орай сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлануына байланысты халықаралық қаржы ұйымдары осы жылы әлемдік Жалпы ішкі өнімнің өсу перспективаларының төмендеуін күтуде. S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін түсірді.
 

Мұнай нарығында жыл басынан бері мұнайдың Brent маркасының орташа бағасы барреліне $98 болды. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдары 2022 жылы мұнай бағасын $74-105 аралығында болжап отыр. Осыған байланысты макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне $90 деңгейінде айқындалды", — деді ұлттық экономика министрі.

 
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. 
 
Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары.
 

Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеуюіне және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетілді. Құрылыста өсім бұрын мақұлданған деңгейде сақталады – 3,8%. Ақпарат пен байланыста ақпараттық қызметтерге сұраныстың төмендеуі салдарынан болжам 8,3%-дан 5%-ға дейін төмендеді", - деді Қуантыров.

 
Ұлттық Банктің болжамы бойынша, экспорт $72,2 млрд дейін өседі. Импорт $40,2 млрд құрайды. 
 
Қазақстан Республикасының макроэкономикалық көрсеткіштерінің нақтыланған болжамдарына сәйкес, инфляция 8-10% дәлізде анықталды.
 

Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде бюджет кірістері бойынша болжам нақтыланғанын айта кету керек. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 10 162 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі ұлғаю мұнайға болжамды бағаның ұлғаюы және АҚШ долларына теңге бағамының өзгеруі аясында баж мөлшерлемесінің артуы есебінен мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі есебінен корпоративтік табыс салығы бойынша күтілуде", - деді спикер.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны