27.08.2022, 10:27 12761

ҚР Үкіметі 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қабылдады

ҚР Үкіметі 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қабылдады
НҰР-СҰЛТАН. 27 ТАМЫЗ - Қазақстан Республикасының Үкіметі "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ ағымдағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған", - деді Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

 
2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4%-ға төмендейді деп жоспарлануда. Республикалық бюджет кірістері 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды. 
 

Осылайша, республикалық бюджет кірістерінің жоғары деңгейде өсу қарқынын қамтамасыз етеміз", — деді Әлихан Смайылов.

 
Үкімет басшысы Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейтінін атап өтті. Олар 2023 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024 жылы тағы 800 млрд және 2025 жылы тағы 500 млрд теңгеге азаятын болады.
 

Бұл – өте маңызды аспект. Кепілдендірілген трансферт Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдердің көлемінен аспайтын болады. Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляция межесін ескергенде, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді", — деді Премьер-Министр.

 
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген.
 
Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар болып табылады. Жалпы, бұл блоктың шығыстары 2023 жылы 2 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.
 
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің болжамына сәйкес, номиналды ЖІӨ 2023 жылғы 120,7 трлн теңгеден 2027 жылы 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.
 
2023 жылы АЕК, ЕТЖ және ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері қандай болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны