26.10.2021, 19:36 54769

ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлеменің көтерілу себептерін айтты

ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов базалық мөлшерлеменің көтерілу себептері туралы айтып берді.
НҰР-СҰЛТАН. 26 ҚАЗАН - ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов базалық мөлшерлеменің көтерілу себептері туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
 

Базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдар кезде біз сыртқы сектордағыдай ішкі экономикадағы көптеген фактордың әсерін саралаймыз. Ал, дәл қазіргі шешімге келер болсақ, мен мына ішкі факторлар әлдеқайда маңыздырақ екенін айтар едім. Біріншіден, инфляция 2021 жылдың соңында 7,5-8,5% болады деген базалық сценарийден жоғары қалыптасып жатыр. Бұл ең маңызды фактор және біздің барлық іс-әрекетеміз 2022 жылдың соңында инфляцияның 4-6% мақсатты дәлізіне кіруіне бағытталады. Екіншіден, бұл тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың кеңейіп жатқан факторы. Бұл қазақстандық экономиканың қалпына келудегі белсенділігі мен халық арасындағы тұтыну деңгейінің артуымен байланысты. Екінші тоқсанда үй шаруашылықтарының номиналды тұтыну шығындары 19,5%-ға дейін артты. Тез қарқын алып жатқан сұраныс ұсыныстан артып, инфляциялық процесстерді жылдамдатып отыр. Бұл тек Қазақстанда болып жатқан құбылыс емес, қазір бұндай тенденцияны әлем бойынша байқауға болады",- деді Ақылжан Баймағамбетов.

 
Үшіншіден, оның айтуынша, дәл қазір халықтың инфляциялық болжамдарға қатысты өсімі байқалып отыр. Бір жылдан кейінгі болжамды инфляцияның сандық бағасы артып, қыркүйектің қорытындысы бойынша 9%-ға жетті. Бұл көбіне бағаның қазіргі өсімін ескеріп жасалған болжам болып отыр. Сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, оған қатысқан адамдардың 71% соңғы жылы бағаның қатты өскенін айтқан, бұл – сауалнама тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. 
 

Біз инфляцияның негізгі факторларын бақылап, саралап жатырмыз және қайталап айтам, біздің іс-әрекетіміздің барлығы 2022 жылдың соңында инфляция деңгейін 4-6% дәлізіне кіргізуге бағытталады", - деді ол.

 
Оның айтуынша, Ұлттық Банк экономикалық агенттерді жинақы әрекетке ынталандыра беру үшін осы обьективті факторларға базалық мөлшерлемені өсіру арқылы әрекет танытып отыр. Сонымен қатар, ақша және валюталық нарықтарда қисынсыз теңсіздік пайда болмауы үшін де осындай шешім қабылданды.
 
Сонымен қатар, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары инфляцияның қандай факторлары тұтыну бағаларын жеделдетуге айтарлықтай үлес қосатынын хабарлады.
 

Жалпы алғанда, әлемнің көптеген елінде дәл қазір инфляциялық қысым күшейді, бұл – жаһандық тренд. Дамыған елдер сияқты, дамушы елдер де бағаның тез өсуіне тап болып отыр. Әлемдік инфляцияға қарқын берген фактор да осы – азық-түлік бағасының артуы. Ал, бізде жылдық инфляцияға әсер етіп отырған негізгі фактор ол әрине бұрынғыдай азық-түлік бағасының өсімі, қыркүйек айында ол 11,5%-ға жетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың инфляциясы 7,5%-ға, ақылы қызметтер саласындағы инфляция – 6,8% болды", - деді ол.

 
Ақылжан Баймағамбетов ішкі теңгерімсіздік инфляциялық процестерге кәдімгідей әсер ететінін атап өтті. Маусымаралық шок маусым айында көкөніс бағасын 31%-ға дейін өсіріп жіберді, ал 2020 жылдың маусымында ол 2,6%-ға ғана көтерілген еді. 
 

Бұл мәселені өткен сұхбаттарымызда да атап өттік. Дегенмен біз жағдайдың тұрақталып келе жатқанын көріп отырмыз, себебі қыркүйекте көкөніс бағасының өсімі жылдық мәнде (23,5%-ға) кідірді, әйтсе де, көрсеткіш жоғары екі таңбалы сандық мәнде қала береді. Ал, алқапта көкөніс маусымы аяқталғанын ескерсек, енді олардың бағасы көтеріледі деген қауіп те жоқ емес", - деп толықтырды ол.

 
Ел ішіндегі азық-түлік бағасының қымбаттауына айтарлықтай ықпалын тигізіп отырған сыртқы факторларды да ұмытуға болмайды. Қыркүйек айында ФАО азық-түлік бағасының индексі 32,8% өсті. Әлем бойынша азық-түліктің тез қымбаттап жатқан тенденциясы былтыр жылдың ортасынан бастап байқалған. Сонда барлық негізгі тауарлық топтар бойынша баға өсімі тіркелген. Бұл жерде дәнді дақылдар, өсімдік майлары, сүт өнімдері, ет пен қант бағасының қымбаттағанын айта кету керек.
 

Азық-түлік инфляциясының үлесі – жартысын алады, сондықтан оған мән бермеу әсте мүмкін емес. Бірақ, Сіздікі де жөн, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың да орны бөлек. Жалпы инфляциялық қысымға тұтынушы сұранысының артуы, карантин кезінде жауапсыз қалуынан кейінге шегерілген сұраныс және халықтың шынайы табысының артуы түрткі болып отыр. Бұның барлығы карантин жеңілдегеннен кейін экономикалық белсенділіктің қалпына келуімен тікелей байланысты. Атап айтсақ, қыркүйек айында тұрмыстық заттар, киім, аяқ киім, жанар-жағармай, көмір бағаларының қымбаттауы азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының артуына себеп болды", - деді спикер. 

 
Оның ақпараты бойынша, қыркүйек айында, сондай-ақ ақылы қызметтер инфляциясының қарқынды өсімі тіркелді. Оқу жылының басталғанына байланысты жалға алатын баспана құны мен білім беру бағасы күрт өсті. Жалға алу бағасының артуына жылжымайтын мүлік бағасының көтерілгені әсер етті. Реттелетін қызметтердің құны да өсіп келеді. Қыркүйек айында бұндағы өсім 5,6% болды. Біз ақша-кредит саясатының стратегиясында ескерткендей, кейінге шегерілген инфляцияның әсері енді білініп жатыр. Бұған дейін электр қуаты тарифтерінің бағасын ұстап қалғандықтан, қазір оның өсімі 8,3%-ға жетті, бұл – жанама түрде жалпы инфляция деңгейіне әсер ететін дүние.
 

Біз, сондай-ақ осы жылдың көктемінен бері халықтың да, кәсіпорындардың да инфляциялық болжамдарды еселей түскенін байқап отырмыз. Бұл фактор, негізінен, жанар-жағармайдың, электр энергиясы мен азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етті", - деді Ақылжан Баймағамбетов.

 
Ең көп тұтынатын тауарлар, яғни, ет, жеміс-жидек, нан сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына қатысты қымбаттайды деген болжам жоғары деңгейде сақталып отыр.
 
Ұлттық банктің болжамы бойынша, инфляцияға қарсы әрекет ету туралы кешенді шараларды жүзеге асырып, базалық мөлшерлемені көбейту арқылы осындай болжамдардың қарқынына оң ықпал етіп, оларды болашақта тұрақтандырады.
 
Сондай-ақ, Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда "импорт инфляциясы" деген түсінік өзекті болып отыр.
 

Біздің елдегі экономикалық және инфляциялық процестер сыртқы экономикалық факторлардан тәуелсіз бола алмайды. Бұл Қазақстанның жоғарғы сыртқы сауда айналымымен байланысты (ЖІӨ шаққанда 50% шамасында). "Импорт инфляциясын" біздің сауда серіктесіміз болып отырған елдердегі инфляция жағдайына анализ жасау арқылы қарау керек. Мысалы, қыркүйек айында Еуроодақтағы жылдық инфляция 3,6%-ға жетті. Бұндай көрсеткіш 2018 жылғы қаржы дағдарысы кезінде ғана байқалған еді. Қазақстанның тағы бір ірі сауда серіктесі – Ресей. Қыркүйек айында бұл елдегі жылдық инфляция мақсатты дәлізден (4%) асып, қыркүйек айының қорытындысы бойынша 7,4%-ға жеткен", - деді ол.

 
Тұтынушы тауарларының импорты инфляцияға тікелей әсер етеді. Соңғы бірнеше жылда оның үлесі айтарлықтай өзгерген жоқ және тұтынуда маңызды рөл атқарып отыр. Соңғы 7 жыл ішінде тұтыну импортының үлесі 37-39% арасында тіркелді. Импорт тауарларының айтарлықтай көп үлесі азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынуда байқалды (2020 жылдағы үлесі – 60%).
 

Егер жалпы импорт туралы айтар болсақ, ол, сөзсіз, төлем балансына да ықпалын тигізеді. Қараша айының басында Ұлттық Банк осы жылдың 9 айындағы төлем бағасына алдын ала болжам жасап, нәтижесін жарияламақ. Алайда, қазірдің өзінде, 8 айдың қорытындысына сүйене отырып, импорт тарапынан болатын қысым әлсіремегенін айта аламыз. Өзіңіз бағалап көріңізші, 2021 жылдың 8 айында тұтыну тауарларының импорты 2020 жылмен салыстырғанда 23,9%-ға өсіп, 7,7 млрд долларды құрады. Осы көрсеткіш ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар көш бастап, 29,8% өсім көрсеткен. Қазақстан ашық экономика бола тұра, ел ішінде кең көлемде тұтыну тауарларын өндірмейтіндіктен, біз ондай тауарларды шетелден импорттауға мәжбүрміз. Тиісінше, шет елдерде бұндай тауарлардың бағасы қымбаттаған кезде, ол ішкі бағаларға да айтарлықтай ықпал етері сөзсіз", - деді Ақылжан Баймағамбетов.

 
Ол Ұлттық банктің басты мақсаты - инфляцияны орта мерзімді таргетке қайтару екенін атап өтті.
 

Базалық мөлшерлеме – біздің осы мақсатқа жету жолында қолданатын негізгі құралымыз саналады. Оның әсер ету деңгейіне қарамастан, ол біз үшін экономикада маңызды инфляциялық күтулерді қалыптастырады. Сол себепті біз елдегі инфляциялық процестерді жеделдету үшін базалық мөлшерлемені көтеру арқылы жауап беріп жатамыз. Сондай-ақ біз шешім қабылдаған кезде бірқатар факторға, соның ішінде инфляциялық ахуалды анықтайтын әлемдік және ұлттық экономиканың даму келешегіне назар аударамыз. Өзіңіз білетіндей, экономиканың қазіргі қалыпқа келу үрдісі, әсіресе, дамушы елдерде өте нәзік келеді. Кәсіпорындарда тұрақты жүргізілетін сауалнамалардың негізінде Қазақстандағы іскерлік белсенділіктің оң аймақта – 50-ден жоғары бекіп қала алмай отырғанын көріп отырмыз. Қыркүйекте іскерлік белсенділік индексі 49,8 тармақ болды. Міне, осы жағдайларда Ұлттық Банк салмақты әрі теңгерімді шешімдер қабылдайды. Соңғы үш отырыста біз базалық мөлшерлемені рет-ретімен 9%-дан 9,75%-ға дейін көтереміз. Сонымен бірге, біз осы шешімдердің әрқайсысына экономикадағы инфляцияға қарсы қысымды сақтай отырып, ақша-кредит саясатын қалыпқа келтіруді жалғастыру туралы әр шешімімізді мәлімдеме негізінде жария етіп отырамыз", - деді Ақылжан Баймағамбетов.

 
Үкімет пен әкімдіктер Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралар кешенін жүзеге асыруды жалғастыра береді. Ал, Ұлттық Банк қабылдайтын шешімдер оның тиімділігін бағалауға негізделген.
 

Сондықтан із дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыра береміз. Біздің басты мақсатымыз, еске сала кеткім келеді, осы жылы инфляцияны тұрақтандыру және оны 2022 жылы 4-6% мақсатты дәлізге қайтару болып қала береді", - деп қорытындылады спикер.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны