24.01.2023, 13:27 22116

Семейде заманауи ЖЭО құрылысына 481,8 млрд теңге бөлінеді

Жылу көздері мен пункттерін, электрмен жабдықтау және су құбыры желілерін қайта жаңарту жоспарлануда
Семейде заманауи ЖЭО құрылысына 481,8 млрд теңге бөлінеді
Сурет: Depositphotos
Семей. 24 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Семейде заманауи ЖЭО құрылысына 481,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев мәлімдеді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту саласында 732,9 млрд теңгеге 13 іс-шара көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Үкіметтің қолдауымен Кешенді жоспарға Семей қаласында заманауи жылу электр орталығын салу жобасы енгізілді", - деді ол.


Семей қаласында және басқа да қалалар мен ауылдық елді мекендерде 3-ші жылу-электр орталығын салу, жылу көздері мен пункттерін, электрмен жабдықтау және су құбыры желілерін қайта жаңарту жоспарлануда. Бұдан басқа, Семей, Аягөз, Курчатов қалаларында кәріз-тазарту ғимараттарының құрылысы да көзделген.

Абай облысының әкімі хабарлағандай, 2028 жылға қарай облыс экономикасына шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,5 есе өсіммен 1,4 трлн теңгеге жетеді деп болжануда.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 100,3 млрд теңгеге 13 жоба іске асырылатын болады. Мысалы, ет өңдеу комбинатының, суару жүйелерінің, сүт-тауар фермаларының құрылысы. Нәтижесінде өңірдің ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2028 жылға қарай 1,5 есе немесе 725,9 млрд теңгеге дейін өседі.

Туризм саласында 41 млрд теңгеге 6 іс-шараны іске асыру көздеген, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтары, қонақ үй кешені және Алакөл жағалауындағы демалыс базасын салу жұмыстары бар", - деді облыс әкімі.


Халықаралық көлік дәліздерінің байланыстырушы буындарын ашу және облысымыздың транзиттік-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін Кешенді жоспарға 137,8 млрд теңгеге 9 іс-шара енгізілді. Олар: "Аягөз - Бақты - Қытай шекарасы" учаскесінде теміржол салу, құрғақ порт пен логистикалық парк құру, Ертіс өзені арқылы өтетін автогуж көпірін, Семей қаласындағы аспалы көпірді қайта жаңарту, 2 мың шақырымға жуық автожолдарды жөндеу жобалары. Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82%-дан 98%-ға дейін артады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Абай облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Кешенді жоспардың жобасы әртүрлі салалар бойынша жобаларды іске асыруды көздейтін 9 бағыттан тұрады және 102 іс-шараны қамтиды.

2023-2027 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі - 1,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 515 млрд теңге, жергілікті бюджет есебінен 110 млрд теңге, жеке инвестициялар есебінен 1,3 трлн теңге (оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік), сондай-ақ Білім инфраструктурасын қолдау қоры арқылы 22 млрд теңге қарастырылған.

Кешенді жоспар жобасы өнеркәсіпті дамыту бойынша бірқатар іс-шараны қамтиды. Соның ішінде тау-кен байыту комбинатының құрылысы және "Айдарлы" мыс кен орнын игеру жұмыстары бар. Сондай-ақ 6 өндірістік нысанның құрылысы және пайдалы қазбаларды анықтау үшін ауқымды барлау, геологиялық іздестірулер жүргізу және басқа да маңызды жобалар бар.

Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында суару жүйелері жабдықтарын сатып алу және инфрақұрылымды салу, ет және ет өнімдерін қайта өңдеу комбинатын, 2 сүт-тауарлы фермасын және 2 бордақылау алаңын салу жоспарланды. Бұдан басқа, кәсіпкерлік және туризмді дамыту үшін 2 сауда ойын-сауық орталығын, 5 жұлдызды қонақ үй кешенін және Алакөл жағалауында демалыс базасын салу жоспарланып отыр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және инфрақұрылымды дамытуда Семей қаласында және басқа да қалалар мен ауылдық елді мекендерде 3-ші жылу-электр орталығын салу, жылу көздері мен пункттерін, электрмен жабдықтау және су құбыры желілерін қайта жаңарту жоспарлануда", - деді Ә. Қуантыров.


Бұдан басқа, Семей, Аягөз, Курчатов қалаларында кәріз-тазарту ғимараттарының құрылысы да көзделген. Сонымен қатар көлік саласы мен логистиканы дамыту аясында 11 көпір, "Аягөз - Бақты - Қытай шекарасы" учаскесінде теміржол салу және реконструкциялау, Үржар ауылында транзиттік-көлік объектісін, әуежай терминалын құру жоспарлануда. Жалпы ұзындығы 1 465 км болатын жергілікті жолдарға күрделі және орташа жөндеу жүргізілмек. Сондай-ақ Семей қаласынан Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларына дейін және Үржар - Павлодар бағыттары бойынша әуе рейстерін субсидиялау жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында облыстық көп бейінді аурухана мен балалар ауруханасын, облыстық қан орталығын және 2 емхана салу көзделген.

Оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін 6 шағын жинақты мектеп салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған мектептерге, оқушылар сарайына, интернатқа 6 қосымша құрылыс салу, 9 балабақша мен 3 балалар лагерін салу жоспарланды.

Мәдениет және спорт саласында ауылдық елді мекендерде 8 мәдениет нысаны, жүзу бассейні және 5 спорт модулі салынып, жөнделеді. Семей қаласында мұз сарайының құрылысын салу және 80 адамға арналған қонақ үйі бар спорт кешенін салу жоспарланды. Бұдан басқа, 7 медициналық-әлеуметтік мекемелер салынады және жөнделеді.

Кешенді жоспардың бірқатар іс-шарасы азаматтық қорғанысты, қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, 5 өрт сөндіру депосын салу, Ертіс өзені мен Алакөлдің жағалауларын нығайту жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан басқа, құқық қорғау органдарына арнайы кешендерді салу және техникалық құралдарды сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар іс-шара жүзеге асырылады", - деді ведомство басшысы.


Осы шараларды іске асырған жағдайда 2027 жылға қарай өнеркәсіп көлемінің 55,8%-ға өсуі күтілуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5 есе, ал шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығаруы 85,6%-ға өседі.

Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 100%-ды, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 97%-ды құрайды. Жалпы 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны