01.12.2025, 14:38 72186
Астана мен Сеул зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Оңтүстік Кореяның астанасында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің Төрайымы Шолпан Абдреева мен Корея Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі вице-министрі Мок Сонхоның екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесуде Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов 2024 жылдың қорытындысы бойынша Корея Республикасы Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жағынан үш ірі инвестордың қатарына кіретінін атап өтті. Ол сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жүйесін дамыту инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды бөлігі екенін ерекше атап өтті. Самсунг, KIA және басқа да корейлік инвесторлардың Қазақстандағы ірі жобалары айтылып, олардың барлығы үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселесі шешуші мәнге ие екені назар аударылды.
Өз кезегінде Шолпан Абдреева корей тарапын Кореяның Зияткерлік меншік жөніндегі әкімшілігінің Зияткерлік меншік министрлігі болып қайта құрылуымен құттықтап, бұл қадам Корея Республикасының заманауи және инновациялық зияткерлік меншік жүйесін қалыптастыру жөніндегі саясатының стратегиялық сипатын көрсететінін атап өтті.
Корея Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі вице-министрі патенттік өтінімдер саны бойынша Қазақстан өңірде жетекші орын алатынын, сондай-ақ Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемінің өсу әлеуеті жоғары екенін айтты. Осыған байланысты ол зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық кооперацияны дамыту үшін маңызды алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.
Тараптар цифрлық ортада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін корей компанияларының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жолдары бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан-корей ынтымақтастығын кеңейтуге, цифрлық ортадағы бірлескен жобаларды дамытуға, кадрларды даярлау және құқық иеленушілерді қолдау бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендігін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
05.12.2025, 02:52 11251
Қазақстан диалогты нығайтуды және ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарын ұстануды жақтады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесуге қатысушылар Финляндия төрағалығының нәтижелерін қарастырды, ЕҚЫҰ өңіріндегі негізгі қауіпсіздік мәселелерін бағалап, пікір алмасты және Ұйымның институционалдық мәселелерін шешу жолдарын талқылады.
Өз сөзінде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Хельсинки қорытынды актісі мен Астана декларациясының мерейтойлары ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарының өзектілігін айқын көрсететінін атап өтті. Оның пікірінше, халықаралық қауымдастықтың міндеті - бұл қағидаттарды қайта қарау емес, оларды бірізді сақтауға саяси ерік-жігер таныту. Ол Ұйымның алдын алу, медиация және мониторинг салаларында бірегей құралдары бар екенін айтып, оларды тиімді пайдалануға шақырды.
Е.Көшербаев қақтығыстардың орнына дипломатияны таңдау қажеттілігіне назар аударды. Ол Қазақстанның дағдарыстарды, оның ішінде Украинадағы, Таяу Шығыстағы және басқа да өңірлердегі жағдайды қоса алғанда халықаралық құқыққа негізделген дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынын жеткізді. Осы тұрғыда ол Әзербайжан мен Армения арасындағы Бейбітшілік декларациясына қол қойылуын, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы шекара мәселелерін шешудегі прогресті құптады.
Министр Орталық Азияның жаһандық процестерге белсенді қатысатын біртұтас және конструктивті өңірге айналып келе жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Ауғанстандағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Осыған байланысты ол Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құрудың маңыздылығына тоқталып, бұл өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың практикалық құралына айналатынын атап өтті.
ЕҚЫҰ-ның экономика және қоршаған орта өлшеміне қатысты Министр өзара байланыстықты, жасыл экономиканы дамыту және өңірлік экологиялық тұрақтылығын арттыру бойынша күш-жігерді күшейту қажеттілігін атап өтті. Негізгі сын-тегеуріндердің қатарында Арал мен Каспий теңіздерінің тартылуы, климаттың өзгеруі, шөлейттену және су тапшылығы мәселелері аталды. Қазақстан 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитті қоса алғанда осы салалардағы шешімдерді белсенді түрде ілгерілетуді көздейді.
Сонымен қоса СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі аясында Қазақстанның адам құқықтарын, демократияны, заң үстемдігін және гендер теңдігін ілгерілетуге деген міндеттемесін растады әрі елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды демократиялық реформалармен таныстырды.
Сөз соңында ол Қазақстан қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастық үшін бірегей, инклюзивті платформа ретінде ЕҚЫҰ-ны нығайту үшін Швейцарияның алдағы төрағалығымен және барлық мүше мемлекеттермен белсенді түрде өзара іс-қимылды жалғастыратынына сендірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 23:47 11686
Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Қытайдың Цзяңси провинциясының Сыртқы істер канцеляриясы басшылығымен кездесті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Нұрлан Аққошқаров Цзяңси провинциясы Халық үкіметінің Сыртқы істер канцелярия директорының орынбасары Ли Юйцянмен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Келіссөздер барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін талқылап, өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайту перспективаларын, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық серіктестікті дамыту бағыттарын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуларды кеңейту мәселелерін қарастырды. Кездесу барысында Цзяңси провинциясынан Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Ли Юйцян Цзяңси провинциясы мен Алматы облысы арасында достық қатынастар орнату туралы ниет хатының қабылданғанын ризашылықпен атап өтіп, екі өңірдің әкімшілік орталықтары - Наньчан және Қонаев қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісімнің жақын арада қол қойылатынына сенім білдірді.
Іскерлік байланыстарды жандандыру мақсатында Цзяңси провинциясының өкілдері шетелде инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларын іске асыруда елеулі тәжірибесі бар, Қытайдың ең ірі 500 кәсіпорнының қатарына кіретін Jiangxi Construction Engineering (Group) мемлекеттік корпорациясын таныстырды.
Кездесу қорытындысында Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулдығы мен Цзяңси провинциясының Сыртқы істер канцеляриясы арасындағы жұмыс байланыстарын күшейту, әлеуеті бар өңіраралық бастамаларды бірлесе ілгерілету және екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Цзяңси провинциясы Қазақстан үшін белсенді сауда-экономикалық серіктес болып табылады және түрлі бірлескен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға қатысып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша провинцияның жалпы аймақтық өнімі 471,8 млрд АҚШ долларын құрап, Қытай өңірлері арасында 15-орынға ие болды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 22:43 11941
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Израиль Елшісін қабылдады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Израиль Мемлекетінің Елшісі Йоав Быстрицкиді қабылдады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен алдағы биік және жоғары деңгейде жоспарланған іс-шаралар кестесі талқыланды.
Сонымен қатар тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 21:39 12196
Қазақстан "Даму үшін көрсетілетін қызметтер саудасы" бастамасы бойынша Конференцияға қатысты
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі бүгін Женевадағы ДСҰ штаб-пәтерінде басталған екі күндік Trade in Services for Development ("Даму үшін көрсетілетін қызметтер саудасы") конференциясының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараны ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала ресми түрде ашып, көрсетілетін қызметтер саудасының жаһандық экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін және дамушы елдердің қатысуын кеңейту үшін ерекше көңіл бөлуді қажет ететінін атап өтті.
2024 жылғы қыркүйекте өткен ДСҰ Қоғамдық форумында іске қосылған "Даму үшін көрсетілетін қызметтер саудасы" бастамасы - ДСҰ мен Дүниежүзілік банктің бірлескен бағдарламасы. Ол дамушы экономикалардың көрсетілетін қызметтер саудасы саласындағы әлеуетін арттыруға және техникалық көмек көрсетуге бағытталған.
Көрсетілетін қызметтер саудасы әлемдік экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі болып табылады. Көрсеілетін қызметтердің үлесі әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 65%-ын және жаһандық жұмыспен қамтудың 50%-дан астамын құрайды. ДСҰ деректеріне сәйкес, 2024 жылы коммерциялық қызметтер саудасының көлемі 7,5 трлн АҚШ долларынан асты. Бұл көрсе ілетін қызметтер секторын әлемдік сауданың ең ірі және ең жылдам өсіп келе жатқан құрамдас бөлігіне айналдырады. Бұл үрдістер көрсетілетін қызметтер саласындағы жаһандық құн тізбектеріне қатысуды арттыруға ұмтылатын елдерді қолдаудың маңыздылығын көрсетеді.
2025 жылғы 3-4 желтоқсанда өтетін конференция барысында ДСҰ Хатшылығы мен Дүниежүзілік банк бастама аясында әзірленген немесе жаңартылған жаңа құралдарды, талдамалық материалдарды және бағдарламаларды таныстыруда. Қатысушылар олардың практикалық қолданылуын, дамушы мемлекеттердің қажеттіліктерін, оңтайлы қолдау тетіктерін және ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылауда.
Іс-шараға үкімет өкілдері, халықаралық ұйымдар, жеке сектор және сарапшылар қауымдастығы қатысып, үздік практикаларды талқылауда және бірлескен жұмысты күшейту жолдарын қарастыруда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 21:08 16096
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргізілгеніне, кездесу емен-жарқын, достық рәуіште әрі конструктивті сипатта өткеніне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Қазақстан мен Еуропа Одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырады. Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық. Әлгінде айтқанымдай, Президент Антониу Коштаның елімізге сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстан - Орталық Азия елдерінің ішінде "жаңа буын" келісіміне қол қойып, ратификациялаған алғашқы ел. Бұл маңызды құжат екіжақты қарым-қатынастың өрбуіне негіз қалап, сауда, инвестиция, инфрақұрылым, инновация, мәдениет салалары секілді өзара ықпалдастықтың барлық басты бағыттарын қамтыған, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, талқылауға арқау болған негізгі тақырып - экономикалық ынтымақтастық.
- Бүгін біз сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі арттыруға және әртараптандыруға уағдаластық. Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнес өкілдеріне тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастыра береді. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технология және көлік байланысы секілді салаларда ынтымақтастыққа мүмкіндік мол, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылғанын атап өтті.
- Бұл ретте Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы үйлестіру платформасының жұмысын, сондай-ақ ЕО-ның "Global Gateway ("Жаһандық қақпа") бастамасын құптаймыз. Қазақстан Еуропа Одағының Орталық Азия елдеріне арналған 12 миллиард еуро көлеміндегі инвестициялық пакетіне қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары, "жасыл" энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенімдіміз. Бұл барлық тарапқа да пайдалы. Бұдан бөлек, біз энергетикалық қауіпсіздік пен энергия ресурстарының тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқыладық. Энергетикалық серіктестіктің тың бағыттарында, атап айтқанда, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, мұнай химиясы, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздері салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық. Мақсатымыз - шикізат жеткізіп қана қоймай, Еуроодақ стандарттарына сай табиғи ресурстарды терең өңдейтін жергілікті өндірістерді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару және қалдықтарды өңдеу арқылы Қазақстанның еуропалық жеткізу тізбегімен интеграциясын күшейту, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында цифрландыру бағытындағы ықпалдастықты арттыруға айрықша мән берілгенін жеткізді.
- Қазақстан мен Еуропа Одағы өзара тәжірибе алмасу және технологияларға инвестиция салу арқылы анағұрлым инклюзивті әрі заманауи цифрлық экономиканы құруға кірісті. Елдеріміз Team Europe Initiative on Digital Connectivity ("Еуропа командасының" цифрлық байланыс жөніндегі бастамасы) аясында жерсерік арқылы интернетке қауіпсіз қосылу, әсіресе, ауылдар мен шалғай елді мекендердің ғаламторға қол жеткізуі бойынша әріптестікті жолға қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа Одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруға келістік. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас қосатын алаң болмақ. Қазақстан Еуропа Одағының дүние жүзінде қауіпсіз әрі сенімді цифрлық байланысты қамтамасыз етуге бағытталған Horizon Europe бағдарламасы мен Global Gateway тұжырымдамасын жоғары бағалайды. Біз осы үдеріске белсенді атсалысқанымызды мақтан тұтамыз, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ұзақмерзімді әрі табысты серіктестік үшін адамдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударылды.
- Білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында бізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа Одағына ризашылығымды білдіремін. Мыңдаған қазақстандық жастар ЕО бағдарламаларына қатысып, соның ішінде Erasmus+ аясында білім алып жатыр. Еуропа Одағы осындай байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және біліктілік деңгейін өзара мойындау арқылы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға әзір. Сонымен қатар азаматтарымыз үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша Еуропа Одағындағы серіктестермен ықпалдастық жалғасады деп үміттенеміз. Өзара барыс-келісті оңтайландыру білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге, іскерлік белсенділікті жандандыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Еуропа Одағы БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады.
- Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне баса мән берілді. Бұл орайда "Орталық Азия - Еуропа Одағы" диалог платформасы өзара байланыс, сауда, көлік, экологиялық таза энергия, су ресурстарын басқару және цифрлық трансформация салаларындағы маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналды деп санаймыз. Бүгінгі кездесу серіктестігіміз жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады. Өзара ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары, келешегі зор. Қол жеткізілген уағдаластықтар көп ұзамай нақты жобалар мен бастамаларға ұласады деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.
Антониу Кошта Еуропа Одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды.
- Осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады. Бұл халықтарымыз арасындағы достықтың нағыз символына айналады, - деді ол.
Еуропалық Кеңес басшысы Самарқанд қаласында өткен "Еуропа Одағы - Орталық Азия" саммитінің нәтижесінде өңіраралық серіктестікті стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Алқалы жиында көлік, энергетика, климат, су ресурстары, аса маңызды шикізат материалдары, цифрландыру және халықтар арасындағы байланысты кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіленгенін еске салды.
Сондай-ақ Антониу Кошта халықаралық тәртіпке қауіп төндірген жаһандық шиеленістер мен қақтығыстар кезеңінде күш-жігерді ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды екеніне тоқталды.
- Өздеріңізге белгілі, Еуропа Одағы соғысты тоқтату үшін Украинамен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз серіктестерімізбен бірге Украинада әділетті және мызғымас бейбітшілік орнату ұстанымын әрдайым қолдаймыз. БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі белсенді әрі конструктивті әрекетін, атап айтқанда, Сіздің Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге көрсеткен қолдауыңызды құптаймыз. Бейбіт әрі өркендеген Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдетуде аса маңызды рөл атқарады, - деді Еуропалық Кеңес басшысы.
Сонымен қатар мәртебелі мейман Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесім тапқан Қазақстан қоғамының өрлеу қарқыны өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Біз бірлесе отырып, қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін, - деді Антониу Кошта.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 20:36 12426
АҚШ Конгресінде Қазақстандағы діни бостандық жағдайы талқыланды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
АҚШ Конгресінде Қазақстан Республикасындағы діни бостандықтың қазіргі жағдайына арналған тәуелсіз баяндаманың таныстырылымына орай брифинг өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға АҚШ Конгресі, АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF), БАҚ пен діни бостандықты ілгерілету және қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан "LYN Community" АҚШ үкіметтік емес ұйымының президенті Уэйд Кьюсак баяндама дайындау барысы мен Қазақстанға жасаған сапары туралы оң пікірлерімен бөлісті. Ол сарапшылардың елдегі мемлекеттік органдар, діни қауымдар және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың күшейіп келе жатқаны туралы ортақ көзқарасын атап өтті.
Баяндаманың негізгі қорытындыларымен USCIRF мүшесі Мохамед Эльсаноуси таныстырды. Ол Қазақстанның "Ислам мемлекеті" террористік тобының ықпалындағы аймақтардан азаматтарды қайтару және қайта бейімдеу жөніндегі жұмысына, оның ішінде "Жусан" операциясына оң баға беріп, білім беру мен әлеуметтік қолдау бағдарламаларының маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көбасшыларының съезіне қатысушылардың тәжірибесі аталып өтіп, оның сенімді арттыруға және дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесіне назар аударды.
Қатысушылар "Жусан" операциясы аясында елге қайтарылған әйелдер бірінің сөзін ерекше қызығушылықпен тыңдады. Ол бейімделу барысы және мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен жұмысы туралы бөлісті.
Іс-шара соңында қатысушылар сұрақ-жауап сессиясы барысында баяндаманың жекелеген ұсынымдарын және оларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 20:04 17036
Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаның Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті нығайтуға қомақты үлес қосқанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл қос тарапқа да пайдасын тигізе отырып, ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге жол ашты. Биыл Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің қабылданғанына 10 жыл толды. Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынастың өзегіне айналған бұл маңызды құжат сындарлы әрі болашаққа бағдарланған байланысты бекіте түседі. Президент Кошта мырза, өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге белсене атсалыстыңыз. Сіз - Қазақстанның сенімді досы және әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Сіздің парасатты басшылығыңыз бен берік ұстанымыңыз, сындарлы диалог жүргізуге ниет танытуыңыз Еуропадағы бірлікті нығайтуда және әлемдегі барша серіктестермен мазмұнды ынтымақтастықты дамытуда маңызды факторға айналды, - деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестікті тереңдетуге Антониу Коштаның қосқан үлесін жоғары бағалады.
- Құрметті Президент мырза, Сізге І дәрежелі "Достық" орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданы Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы берік достықтың жарқын белгісі, Сізге көрсетілген құрметіміз ретінде қабыл аласыз деп үміттенемін. Қазақстан мен ЕО арасындағы табысты серіктестіктің одан әрі дамып, достығымыздың беки беретініне сенімдімін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еуропалық Кеңес Президенті бұл марапатты Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы берік достық пен сан қырлы ынтымақтастықтың символы ретінде қабылдайтынын жеткізді.
- Бүгін көрсеткен құрметіңізге дән ризамын. Мұны сенім мен диалогты нығайтудың, тұрақтылықты, өркендеуді және ашықтықты қамтамасыз етуге ортақ ұмтылысымыздың көрінісі деп бағалаймын. Құрметті Президент мырза, халықтарымыз бен тұтас аймақтың игілігі үшін бірлескен жұмысты алдағы уақытта да белсенді түрде жалғастырамыз деп ойлаймын, - деді Антониу Кошта.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
04.12.2025, 19:33 12651
"Үміт сәулесі" атты қазақстандық фильм Халықаралық мүгедектер күніне орай ЮНЕСКО кинофестивалінде көрсетілді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзия, яғни оларды қоғамға кіріктіру, жайында қысқаметражды фильмдердің екінші фестивалі аясында қазақтың кинематографисттері түсірген "Үміт сәулесі" атты туындының көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық мүгедектер күнінде өткен іс-шара мүмкіндігі шектеулі жандардың ажырамас құқықтары, күрделі өмірлік жолдары мен жарқын жетістіктері туралы көпшіліктің хабардарлығын арттыратын кинофильмдерді қолдауға арналған.
Фестивальде Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұсынған фильмнің сюжеті отандық парадзюдошы Ерғали Шәмейдің тағдырына негізделген. Бұл шығармадағы орталық кейіпкердің шешуші күресі спорт алаңында емес, оның санасында өрбиді, бұл жекпе-жекте ол барлық күмән мен сынақтарға қарамастан, үрейлерін еңсеріп, үнемі алға ұмтылуды үйренеді. Dala Cinema киностудиясы түсірген картинаның режиссері Думан Еркінбек, продюсері Жалын Тілеубергенов болса, басты рөлді Назар Шерхан сомдады.
Айта кету керек, фильмнің түсірілімі аяқталғаннан кейін Ерғали Шәмей 2024 жылдың қыркүйек айында Парижде өткен Паралимпиада ойындарында тамаша күресіп, парадзюдодан 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдесін иемденді.
ЮНЕСКО-ның Қазақстан алғаш рет қатысқан тақырыптық кинофестивалі аясында мүгедектігі бар адамдардың күнделікті тіршілігін, олардың алдында тұрған қиындықтарды және оларды жүйелі еңсерулерін көрсететін барлық құрлықтағы мемлекеттер ұсынған 25 қысқаметражды фильм көрсетілді. Баршаға ортақ киноның тілі арқылы бұл бастама мәдени әртүрліліктің құндылығын айшықтауға және білім берудегі, спорттағы және қазіргі қоғам өмірінің басқа да салаларындағы инклюзивті ұстанымдар мен тәсілдерді ілгерілетуді көздейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
05.12.2025, 02:52Қазақстан диалогты нығайтуды және ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарын ұстануды жақтады
01.12.2025, 12:48 73356Сианьдағы Қазақстанның Бас консулдығы өңіраралық инвестициялық ынтымақтастықтың нығаюына белсенді ат салысуда01.12.2025, 15:43 72551Мемлекет басшысы Румыния Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады01.12.2025, 13:34 72196Қазақстан - Дания ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде01.12.2025, 14:38 72181Астана мен Сеул зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда30.11.2025, 09:19 68536Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан наразылық білдірді
13.11.2025, 17:40 176331Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев Астанада Үкіметаралық кеңестің 13-ші отырысын өткізді13.11.2025, 23:28 174511Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге хат жолдады10.11.2025, 21:56 151006Алматыда бұрынғы президент резиденциясының орнында жаңа саябақ ашылды19.11.2025, 16:26 146091Президент Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады20.11.2025, 15:30 145751Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші - Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қаринді қабылдады

