12.11.2021, 18:38 17046

Тоқаев: ҚР қаржы саласының жиынтық активі 35 трлн теңгеден асады

Қазақстан Президенті Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресіне қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.
Тоқаев: ҚР қаржы саласының жиынтық активі 35 трлн теңгеден асады
Сурет: Ақорда
АЛМАТЫ. 12 ҚАРАША - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресіне қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Президенттің айтуынша, біз сындарлы мемлекеттік саясаттың арқасында бәсекеге қабілетті қаржы секторын қалыптастырдық.
 

Қазақстанның қаржы саласы өңірдегі ең озық жүйе саналады. Бүгінде оның жиынтық активі 35 триллион теңгеден асады. Бұл – еліміздің ішкі жалпы өнімінің тең жартысынан көп", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы өткен жылдың басында коронавирус пандемиясы және оның салдары әлем экономикасына орасан зор зиян келтіретінін ешкім күтпегенін атап өтті. Сондай-ақ нарықтардың құлдырауы кейінгі жүз жылда болған ең айтулы оқиғаның бірі екенін айтты. 
 

Мемлекеттік және халықаралық институттардың қабылдаған теңдессіз шаралары жағдайдың одан әрі шиеленісіп кетуіне жол бермеді. Алайда, шикізат, сауда және қаржы салаларындағы ахуал әлі де құбылмалы болып тұр. Жаһандық сын-қатерлер мен үрдістерді ескере отырып, қаржы саласын одан әрі дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл ретте елдің экономикалық өсімін қолдау оның негізгі міндеті болып қала береді. Мемлекет қиын кезеңдерде отандық қаржы секторын үнемі қолдады. Соның арқасында бүгінде банктердің жұмысы тұрақты әрі экономиканы несиелендіретін әлеуеті жоғары. Сондықтан олар экономиканы жылдам қалпына келтіруде және оны одан әрі әртараптандыруда негізгі рөл атқаруға міндетті", – деді Президент.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық қор нарығын, соның ішінде экономиканы қаржыландырудың тағы бір маңызды көзіне айналуы қажет "Астана" халықаралық қаржы орталығын белсенді дамыту керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысының пайымдауынша, қазіргі кезеңде жаһандық қаржы институттарының қарқынды дамуына, көрсетілетін қаржылық қызметтерді барынша цифрландыруға байланысты міндеттерді де ескеру қажет.
 

Бұл мәселелер байыпты талқылауды және теңгерімді шешімдерді іздестіруді қажет етеді. Осы бағыттардың дәйекті дамуы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосымша жол ашады. Түптеп келгенде, халқымыздың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының алдындағы ортақ міндет", – деді Мемлекет басшысы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны