Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту блогы бойынша перспективалық салаларды және еңбек өнімділігінің әлеуетін ескере отырып, Инвестицияларды тарту жүйесін жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті ретінде қайта құрылады. 2026 жылдың қаңтарына дейін "Банктер туралы" заң қабылданады. Оның негізгі міндеті нарыққа жаңа қатысушыларды тарту және банктердің еркін өтімділігін айналымға, атап айтқанда, экономиканың нақты секторына бағыттауды қамтамасыз ету. Экономиканың жоғары технологиялық секторларына Ұлттық қордан $1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция құйылады. Ол үшін Ұлттық банк тиісті бағдарламаны әзірлейді", - деді вице-премьер.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шеңберінде 1 трлн теңгеге 5 инвестициялық келісім жасалды. Сондай-ақ "Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестицияларға тапсырыс" жобасы жүзеге асырылуда. 2025-2027 жылдар аралығындағы үш жылдық кезеңде осы бастама шеңберінде жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге 200-ден астам жоба қаржыландырылатын болады. Осы жылдың соңына дейін Мал шаруашылығындағы агробизнесті дамытудың кешенді жоспары қабылданады, оның шеңберінде 5%-дық жеңілдетілген кредит беру бағытын және кредиттік өнімдер желісін кеңейту жоспарлануда. "Даму" қоры агробизнестің қарыздарына 80%-ға дейін кепілдік беретін болады. Бұдан басқа жасанды интеллектіні қолдана отырып, Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленеді. Ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатындағы жерлерді беруге арналған конкурстар электронды түрде комиссияның қатысуынсыз өткізіледі", - деді Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалау цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, оның ішінде энергия тиімділігін арттыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Іске қосуға жоспарланған Бірыңғай ұлттық платформа құрылыстың барлық кезеңінде жан-жақты есепке алуды, жоспарлауды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері суды үнемдеу технологияларын және суды ұқыпты пайдалануға қойылатын талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекітуді көздейді. Бұдан басқа 18 су қоймасы мен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналдарды реконструкциялау және 9 жаңа су қоймасының құрылысы бойынша жұмыстар жалғасады. Су саясатын ұзақ мерзімді жоспарлау құралы ретінде Ұлттық су балансы қалыптастырылады", - деді ол.
Әлеуметтік блокта білім беру, денсаулық сақтау және спорттың қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданады. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы шеңберінде осы жылдың соңына дейін барлық жоспарланған бүкіл кезеңдегі 217 мектепті пайдалануға беру көзделуде. Бұдан басқа 115 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны салынып, Шымкентте және Түркістан облысында 2 перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Ел ішіндегі және шетелден келетін қонақтар үшін Көші-қон ағындарын есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі енгізіледі. Әлеуметтік салада "ақша азаматтарға" қағидаты енгізіліп, елдің барлық облыстарында осал санаттағы азаматтар үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшері унификацияланады. "Қарызсыз қоғам" жобасын жүзеге асыру жалғасады. Парламенттік реформа жүргізу шеңберінде жалпыұлттық референдум өткізу бойынша ұйымдастырушылық мәселелер, сондай-ақ еліміздің конституциялық заңнамасына ықтимал түзетулер пысықталатын болады. Үкімет Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының барлық бағыттарын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етеді. Ұсынылған жобаны қолдауды сұраймын", - деді Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

