13.09.2022, 14:41 15766

Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрады

Нақты сектордағы өсу 3,3% болды.
Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрады
НҰР-СҰЛТАН. 13 ҚЫРКҮЙЕК - Биылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрады. Нақты сектордағы өсу 3,3% болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі ,ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсу қарқынын көрсетуде, деді Қуантыров.
 
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 5,7%-ға дейін жеделдеуі байқалады.
 

Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 2 есеге, білім беруде 59,1%-ға, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде 30,1%-ға, саудада 21,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 20,2%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын операцияларда 8,8%-ға, құрылыс саласында 15,7%-ға өсті", — деді министр. 

 
Оның айтуынша, өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалуда.
 

Биылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы 36,9%-ға өсіп, $74,3 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 52,9%-ға өсіп, $48,9 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 35,7%-ға ұлғайып, $14,3 млрд-ты құрады. Тауарлар импорты $25,3 млрд-ты құрады. Жалпы оң сауда балансы $23,6 млрд-қа тең", - делінген баяндамада.

 
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндамасына сай, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Осы жылдың қаңтар-тамызында өндіріс көлемі 4,8%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 7,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 18,2%-ға, электр жабдықтарын жасау 8,3%-ға, азық-түлік тауарлары 3,5%-ға, сусындар 7,5%-ға, пластмасса бұйымдары 5,1%-ға, дайын металл бұйымдары 2,4%-ға, химия өнеркәсібі тауарларының өңрідірісі 11,8%-ға, киім өндірісі 7,1%-ға өсті. 
 
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,7%-ға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 18,5%-ды, газ өндіруде 2,7%-ды, көмір өндіруде 2,2%-ды, металл кендерін өндіруде 0,5%-ды құрады. 
 
Бұл ретте өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,3%-ға төмендеу тіркелді.
 
Аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,5%-ға ұлғайды. 
 

Биылғы қаңтар-тамызда 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,2%-ға төмен. Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда. Көрсеткіштің төмендеуі жаңадан құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау облыстарында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда", - деді Қуантыров.

 
Ә. Қуантыровтың мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 4,3%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ақмола облыстары көрсетті. 
 
Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 4 өңірде – Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелді.
 
6 көрсеткіш бойынша оң өсуді 8 өңір көрсетті. Олар: Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны