Қазақстан мен Молдова экономикалық және цифрлық серіктестікті нығайтуда
Сурет: gov.kz
Молдова астанасында Қазақстанның Молдовадағы Елшілігі ұйымдастырған "Қазақстанның экономикалық бағытының Молдова мен Шығыс Еуропаға векторлары" атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдарының және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ онлайн-режимде KazakhInvest, Atameken, QazTrade, QazPost және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Елшісі Алмат Айдарбеков молдовалық кәсіпкерлердің Қазақстанға қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтіп, бұл қызығушылықты нақты экономикалық жобаларға айналдырудың маңызын атап көрсетті. Сонымен бірге ол Транскаспий халықаралық дәлізінің стратегиялық рөлін және Джурджулешть портының мүмкіндіктерін ескере отырып, Молдованы осы бағыттың белсенді буынына айналдыру әлеуетін атап өтті. Дипломат сондай-ақ Қазақстанның жедел цифрландыру бағытын, оның ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуын таныстырды.
Өз кезегінде Қазақстандағы Молдова Республикасының Елшісі Штефан Гордэ молдавалық өнімдерді жүйелі түрде ілгерілету мақсатында Ақтауда Молдованың Сауда үйін ашу жөнінде алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады. Сонымен қатар ол Қазақстан өңірлерінің көрмелер мен презентациялар өткізу үшін алаңдар ұсынуға дайын екенін атап өтті.
Экономикалық өзара іс-қимыл тақырыбын жалғастыра отырып, Молдова Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі министрлігінің Бас хатшысы Серджиу Герчу АӨК саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық маңызын, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, қайта өңдеу, тұқым шаруашылығы және шарап жасау салаларын атап өтті. Ол сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажеттігін айтты.
Экологиялық бағытқа тоқтала отырып, Молдова Республикасының Қоршаған орта министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Григорий Стратулат қазақстандық бизнесті қалдықтарды қайта өңдеу, материалдарды қайта пайдалану және "жасыл" энергетика саласындағы молдавалық жобаларға қатысуға шақырды.
Қазақстан тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Руслан Аманов және QazTrade өкілі Ержан Шакарғалиев экспортты қолдау құралдарын, сауда миссияларын және ауыл шаруашылығы тауар айналымын 50 млн АҚШ долларына дейін ұлғайту әлеуетін таныстырды. Одан кейін QazPost өкілі Абдрахман Әмреев Еуропа мен Азия арасындағы логистикалық интеграция және e-commerce ағындары бойынша мүмкіндіктерді ұсынды.
Бизнес бастамаларын талқылай келе, "Молдова-Қазақстан" іскерлік кеңесінің төрағасы Тұңғат Әбілқасымов әуе қатынасын кеңейтудің перспективаларын және гуманитарлық жобалардың, соның ішінде кітапхана және архив салаларындағы ынтымақтастықтың жанданып келе жатқанын атап өтті.
Цифрлық күн тәртібіне елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Роман Станков Қазақстанның ІТ-секторының дамуын - оның ЖІӨ-ге қосқан үлесін, компаниялар санының өсуін және мемлекеттік қызметтердің жоғары деңгейде цифрландырылуын таныстырды. Ол сондай-ақ жасанды интеллект, финтех, бұлтты платформалар және киберқауіпсіздік салаларында Молдова IT-паркімен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Практикалық бағытты қорытындылай келе, Қазақстанның Құрметті консулы Юрие Жардан JLC Group компаниясының Қазақстандағы жұмысы, өндіріс үшін қолайлы жағдайлар және молдавалық өнімге сұраныс туралы баяндады. Ол сондай-ақ молдавалық премиум шараптарын жеткізу бойынша алдын ала келісімдерге қол жеткізілгенін және логистикалық мәселелерді атап өтті.
Конференция қатысушылары екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға, логистикалық бағыттарды кеңейтуге және аграрлық, өнеркәсіптік, цифрлық және экологиялық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екендерін растады. Іс-шара Қазақстан мен Молдова арасындағы жаңа практикалық жобaлардың негізін қалаған маңызды алаң болды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

