
Сурет: ҚР Сыртқы істер министрлігі
Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев "Су және көгілдір экономика - су ресурстары саласындағы жаңа стратегиялар" тақырыбында өткен 11-ші Блед халықаралық су форумына (BWF) қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Форум Словения Президентінің жұбайы, BWF Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алеш Мусар мен Литваның бірінші ханымы Диана Науседененің қатысуымен өтті. Жиынға 60-тан астам елдің, соның ішінде ЕО мемлекеттерінің, Орталық және Шығыс Еуропа, Балқан аймағы, Кавказ, Орталық Азия, Таяу Шығыс, Латын Америкасы елдерінің, Сингапурдың бейінді агенттіктерінің сарапшылары мен өкілдері, сондай-ақ АЭХА (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) және басқа да халықаралық ұйымдардың, ғылыми институттар мен жеке сектордың өкілдері жиналды. Форум өзінің инновациялық тәсілдері үшін халықаралық марапаттар мен сыйлықтарға ие болып, лайықты танымалдылыққа ие болған.
Қазақстан Елшісі қатысушыларға арнаған сөзінде осы жылдың сәуір айында Астанада Орталық Азия, Кавказ мемлекеттері басшыларының және халықаралық серіктестердің қатысуымен өткен Өңірлік экологиялық саммиттің негізгі қорытындылары туралы айтып, бүгінгі таңда су мәселесі аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің негізгі элементі екенін атап өтті.
Алтай Әбибуллаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасына және Саммит аясында өткен халықаралық консультациялардың бірінші кезеңінің қорытындыларына ерекше назар аударды. Бұл қадамдар жаһандық үйлестіруді күшейтуге, халықаралық су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға, бытыраңқылықты жоюға және Әбу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның 2026 жылғы су жөніндегі конференциясына дайындық аясында неғұрлым үйлесімді әрі нәтижелі су күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған.
Форумға қатысу ұлттық және аймақтық су күн тәртібін, Қазақстанның мамандандырылған су ұйымын құру жөніндегі бастамасын ілгерілетудегі, сондай-ақ халықаралық серіктестермен су ресурстары саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты талқылаудағы маңызды қадам болды.
Мемлекет басшысының Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы Форумның барлық қатысушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды және іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан Блед халықаралық су форумының Сарапшылар кеңесінің құрамына ресми түрде шақырылды.