Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлерінің Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 8-ші отырысының қорытындысы бойынша қабылдаған Бірлескен мәлімдемесі
2026 жылғы 2 ақпанда Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев және Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының (БСЖТ) 8-отырысына төрағалық етті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Отырыс барысында Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтудың жолдары жөнінде сауда мен инвестициялар, мәдениет пен білім беру, энергетикалық қауіпсіздік, өңірлік байланыстылық, денсаулық сақтау, қоршаған орта, терроризмге қарсы күрес, қорғаныс және қорғаныс өнеркәсібі салаларын қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуын атап өтіп, ортақ тарих, тіл мен мәдениетті бауырластық ынтымақтастықтың негізі ретінде айқындай келе, Сыртқы істер министрлері екі елдің кеңейтілген стратегиялық әріптестігіне сәйкес көпжоспарлы қазақ-түрік ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге бейілділігін растады.
Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы берік екіжақты байланыстар мен өзара сенімді айғақтайтын жоғары деңгейдегі сапарлардың жиілігіне қанағаттанушылық білдірді. Олар мұндай сапарлар түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, осы қарқынды сақтауға дайын екенін растады.
Тараптар экономикалық қатынастардың басым бағыттарын, оның ішінде сауда мен инвестицияларды жеңілдету және әртараптандыру, ауыл шаруашылығында технологиялар трансферін және бірлескен инвестицияларды ынталандыру, қоршаған орта саласындағы ынтымақтастықты күшейту, денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету, ғылым мен технология, әсіресе киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, цифрландыру және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, энергия саудасы мен бірлескен жобалар, оның ішінде құн тізбегі бойынша мұнай мен табиғи газ инфрақұрылымы, таза энергия өндіру, электр энергиясын тасымалдау арқылы энергетика саласында ынтымақтасу, сондай-ақ маңызды минералдар мен сирек жер элементтеріне басымдық бере отырып, тау-кен саласында барлау, игеру және өңдеу бойынша бірлескен бастамалар көтеру мәселелерін талқылады.
Сыртқы істер министрлері Транскаспий Шығыс-Батыс Орта дәлізінің Орталық Азия елдерін Түркия арқылы сыртқы нарықтармен байланыстыратын орнықты әрі сенімді көлік және энергетикалық бағыт ретіндегі маңызын мойындап, екіжақты ынтымақтастықпен қатар Қазақстан, Түркия және Әзербайжан сыртқы істер министрлері мен көлік министрлерінің үшжақты тетігі, сондай-ақ өңірлік және халықаралық алаңдар, ең алдымен Түркі әлемінің негізгі көпжақты платформасы болып табылатын Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында өңірлік байланыстылықты нығайту бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге дайындықтарын растады.
Сыртқы істер министрлері Қазақстан Орталық Азиядағы Түркияның ең ірі сауда әріптесі екеніне ерекше тоқталып, 2024 жылғы 25 сәуірде Анкарада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 13-ші отырысының Іс-қимыл жоспарын іске асырудағы қол жеткізілген алға басуды ризашылықпен атап өтті.
Тараптар бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін жаңа қатерлерге, оның ішінде терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне, сондай-ақ өзге де трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен қатерлерге қарсы күресте үйлестірілген іс-қимыл жасасу туралы шешім қабылдады.
Тараптар қорғаныс мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты, әскери-техникалық әріптестікті және екі елдің тиісті органдары арасында жалғасып жатқан әскери диалогты жоғары бағалады. Осы ретте, Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі инфрақұрылымын бірлескен кәсіпорындар арқылы жаңғырту жобаларының маңыздылығын растады.
Қазақстан мен Түркияның Сыртқы істер министрлері екі ел арасындағы халықтар арасындағы байланыстарды екіжақты қарым-қатынастардың берік тіректерінің бірі ретінде атап өтті. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Астана қаласындағы Юнус Эмре түрік мәдени орталығы және қазақстандық студенттерге арналған "Түркия стипендиялары" бағдарламасы осы байланыстың айқын көрінісі болып табылады.
Сыртқы істер министрлері Е.Көшербаев және Х.Фидан алдағы кезеңде Астана және Алматы қалаларында "Маариф" мектептерін ашу жөніндегі ілгерілеуді құптап, бауырлас екі халық арасындағы білім беру және мәдени әріптестікті қолдауды жалғастыруға уағдаласты.
Тараптар екі ел арасында білім беру мен ғылым саласындағы, әсіресе жоғары және орта кәсіби білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде зерттеушілер мен мамандар алмасуын жандандыруды құптады.
Тараптар TIKA және KazAID-пен ынтымақтастық шеңберінде Орталық Азияда тұрақты дамуды ілгерілетуге, сондай-ақ үшінші елдердің дамуына көмек көрсетуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Сыртқы істер министрі Фидан 2023 жылғы 6 ақпандағы жойқын жер сілкінісі кезінде бауырлас Қазақстанның көрсеткен қолдауы және қазақ халқының бауырластық ниетінің белгісі Газиантеп провинциясындағы Нұрдағы қаласындағы мектеп құрылысы үшін алғыс білдірді.
Тараптар соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында қалыптасқан тығыз әрі сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалап, алдағы кезеңде институционалдық өзара іс-қимылды кеңейтуге, әлеуетті арттыру және тәжірибе алмасу арқылы бұл ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ортақ ниеттерін білдірді.
Сыртқы істер министрлері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жаһандық тұрақтылық пен төзімділікті нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.
Сыртқы істер министрлері Е.Көшербаев және Х.Фидан Қазақстан мен Түркияның ТМҰ-ның құрылтайшы мүшелері ретінде Түркі әлемінің бірлігін нығайтудың және интеграциясын тереңдетудің негізгі институттары болып табылатын ТМҰ мен өзге де түркі ынтымақтастық ұйымдарын одан әрі күшейту мақсатында ынтымақтастықты кеңейтуге дайындықтарын растады.
Осы тұрғыда, Тараптар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратын "Түркі әлемінің келешегі - 2040" құжатын іске асыру бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыруға дайын екенін қуаттады.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) құрылтайшы мүшелері ретінде Тараптар АӨСШК-тің азиялық болмысын сақтай отырып, толыққанды халықаралық ұйымға айналуын қолдады.
Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және ЭЫҰ сияқты халықаралық платформалар аясындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтті. Тараптар түрлі халықаралық ұйымдар мен лауазымдарға бір-бірінің кандидатураларын мүмкіндігінше өзара қолдау жөнінде түсіністік сақтауға уағдаласты.
Сыртқы істер министрлері Е.Көшербаев және Х.Фидан Ауғанстан, Газа, Украина және Сирияны қоса алғанда, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сыртқы істер министрлері осы тұрғыда Газа секторындағы соғысты тоқтатуға бағытталған Кешенді бейбітшілік жоспарының екінші кезеңінің іске қосылуын құптады. Олар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің № 2803 қарарымен мақұлданған және құрамына екі мемлекет те кіретін Бейбітшілік кеңесінің құрылуы тұрақты атысты тоқтатуға, Газаны қалпына келтіруге, сондай-ақ өңірде бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуге және екі мемлекет шешімін жүзеге асыруға бағытталған жаңа серпін бергенін атап өтті.
Сыртқы істер министрлері Кипр мәселесі бойынша өзара келісілген, екі тарапқа да қолайлы әрі тиімді шешімге қол жеткізудің қажеттігілігін атап өтіп, Кипр түріктерінің Түркі әлемінің біртұтас бөлігі ретінде өздерінің тең әрі ажырамас құқықтарға ие болуға деген ұмтылыстарын мойындады.
БСЖТ отырысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның тең төрағалығымен Астанада өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 6-шы отырысының мерзімі мен дайындығын, сондай-ақ 2026 жылы Қазақстанда (Түркістан) және Түркияда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының Саммиттерін ұйымдастыру мәселелерін талқылауға уақтылы мүмкіндік берді.

