Қазақстан Сыртқы істер министрі Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлесті
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен және Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сұхбат барысында министрлер Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуал төңірегінде пікір алмасып, дағдарыс жағдайында тығыз үйлестіру мен жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан СІМ басшысы эвакуациялық іс-шаралар мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимыл үшін Әзербайжан мен Түрікменстандағы әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Сұхбаттастар мәселелені тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы реттеуге ортақ бейілділігін растады, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын сақтау және өңірлік қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мүддесінде күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, тараптар азаматтарды эвакуациялау мүмкіндігін ұйымдастыру мәселелерінде қажетті қолдау көрсетуге, сондай-ақ сыртқы істер ведомстволары желісі бойынша тығыз жұмыс байланыстарын жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Таяу Шығыстың бірқатар елдеріндегі әскери-саяси ахуалдың ушығуы жағдайында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі күшейтілген режімде жұмысын жалғастыруда.
Өңірдегі шет елдердегі мекемелердің дипломаттары жағдайдың дамуын үздіксіз бақылап, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында жергілікті билік органдары және ҚР азаматтарымен тұрақты байланыста болып, әуежайларға жүйелі түрде баруда.
Төтенше байланыс желілері мен мессенджерлердегі жедел чаттар арқылы азаматтармен тәулік бойы байланыста болу арқылы дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері өңірде және транзиттік аймақтарда орналасқан қазақстандықтардың тізімдерін тұрақты түрде жаңартып отыруда.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймақтарында Қазақстан азаматтарының ең көп саны танымал туристік бағыттар, қажылық сапарлары орындары, сондай-ақ транзиттік хабтар шоғырланған жерлерде. Оның ішінде БАӘ-де шамамен 3 500 адам, САК - шамамен 3 000 адам және Қатарда 1 500-ге жуық адам.
Өңірдің басқа мемлекеттерге келсек, дипломатиялық өкілдіктердң ақпаратына сәйкес Иранда 82 Қазақстан азаматы, Бахрейнде - 168 азамат, Кувейт пен Иорданияда - әрқайсысында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 азамат тіркелген.
Әскери іс-қимылдар басталғаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе тасымалдаушылары рейстерді тоқтатуға мәжбүр болғандықтан, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, БАӘ қонақүйлерінде біздің азаматтарға жағдай тұрақталғанға дейін тұру және тамақтану қамтамасыз етілген.
Бұған дейін хабарланғандай, шиеленіс аймақтарынан қазақстандықтарды ықтимал эвакуациялау бағыттары мен шаралары пысықталуда. Қауіпсіздік мақсатында жергілікті билік органдары өз бетінше қозғалмауға кеңес береді. Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шаралары халықтың неғұрлым осал санаттарына, атап айтқанда қарт адамдарға, әйелдер мен балаларға көрсетілетін болады.
Бұған дейін Тегеран қаласынан "Заркух" компаниясының өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қоса алғанда, Қазақстанның 50 азаматы шығарылды.
Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша Қазақстанның шет елдердегі мекемелері шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен Ираннан көрші елдер арқылы азаматтарымызды эвакуациялауға жәрдем көрсету жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді.
Армян тарапымен Қазақстан азаматтарының Армения аумағы арқылы эвакуациялануы жағдайында Иран-Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Арменияның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен тұрақты байланыс сақталуда.
Осыған ұқсас жұмыс Әзербайжан тарапымен де жүргізілді, олар эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.
Екі азаматтың өтініші негізінде ҚР-дың Әзербайжандағы Елшілігі Ираннан "Джульфа" бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды.
Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.
Аталған бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасуда, қосымша түсіндірмелер ҚР Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланып отырады.
Жедел ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдаланды. Компаниямен бірлесіп хабарламалар жүйесі жолға қойылып, өңірдегі азаматтардың мобильді құрылғыларына ресми ақпарат пен түсіндірмелердің дер кезінде жеткізілуі қамтамасыз етілді.
Өңірдегі жағдай толық тұрақтанғанға дейін азаматтарды сабыр сақтауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын орындауға, тәуекелі жоғары аймақтардан аулақ болуға, сондай-ақ уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырамыз.
Қосымша ақпарат келіп түсуіне қарай хабарланатын болады. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми хабарламаларын мұқият қадағалап отыруды сұраймыз.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

