04.12.2025, 19:33 18911

"Үміт сәулесі" атты қазақстандық фильм Халықаралық мүгедектер күніне орай ЮНЕСКО кинофестивалінде көрсетілді

"Үміт сәулесі" атты қазақстандық фильм Халықаралық мүгедектер күніне орай ЮНЕСКО кинофестивалінде көрсетілді
Сурет: gov.kz
ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзия, яғни оларды қоғамға кіріктіру, жайында қысқаметражды фильмдердің екінші фестивалі аясында қазақтың кинематографисттері түсірген "Үміт сәулесі" атты туындының көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық мүгедектер күнінде өткен іс-шара мүмкіндігі шектеулі жандардың ажырамас құқықтары, күрделі өмірлік жолдары мен жарқын жетістіктері туралы көпшіліктің хабардарлығын арттыратын кинофильмдерді қолдауға арналған.

Фестивальде Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұсынған фильмнің сюжеті отандық парадзюдошы Ерғали Шәмейдің тағдырына негізделген. Бұл шығармадағы орталық кейіпкердің шешуші күресі спорт алаңында емес, оның санасында өрбиді, бұл жекпе-жекте ол барлық күмән мен сынақтарға қарамастан, үрейлерін еңсеріп, үнемі алға ұмтылуды үйренеді. Dala Cinema киностудиясы түсірген картинаның режиссері Думан Еркінбек, продюсері Жалын Тілеубергенов болса, басты рөлді Назар Шерхан сомдады.

Айта кету керек, фильмнің түсірілімі аяқталғаннан кейін Ерғали Шәмей 2024 жылдың қыркүйек айында Парижде өткен Паралимпиада ойындарында тамаша күресіп, парадзюдодан 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдесін иемденді.

ЮНЕСКО-ның Қазақстан алғаш рет қатысқан тақырыптық кинофестивалі аясында мүгедектігі бар адамдардың күнделікті тіршілігін, олардың алдында тұрған қиындықтарды және оларды жүйелі еңсерулерін көрсететін барлық құрлықтағы мемлекеттер ұсынған 25 қысқаметражды фильм көрсетілді. Баршаға ортақ киноның тілі арқылы бұл бастама мәдени әртүрліліктің құндылығын айшықтауға және білім берудегі, спорттағы және қазіргі қоғам өмірінің басқа да салаларындағы инклюзивті ұстанымдар мен тәсілдерді ілгерілетуді көздейді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны