03.02.2026, 11:17 1926
Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы кедендік ынтымақтастықты кеңейтуде
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Сеул қаласында Корея Республикасының Кеден қызметі ұйымдастырған "Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы сауданы жеңілдету" тақырыбындағы іс-шара өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара барысында кедендік өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, сондай-ақ сауданы жеңілдету және кедендік рәсімдерді оңайлату бойынша практикалық шаралар талқыланды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов кедендік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы өзара сауда мен іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді. Осы контексте ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия мен Еуропа арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды тетігі ретінде көліктік және транзиттік әлеуетін дамытуға айрықша мән беретінін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ кедендік рәсімдерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын және үлкен деректерді талдауды қолдануды одан әрі дамыту қажеттігін атап өтіп, тәжірибе мен озық практикалар алмасуға дайын екенін білдірді.
Корея Республикасының Кеден қызметінің басшысы Мён Гу Ли Орталық Азия елдерінің жоғары көлік-логистикалық әлеуетіне назар аударып, олардың Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды көпір ретіндегі рөлін айқындады. Сондай-ақ қағазсыз сауданы дамыту мақсатында Digital Silk Road концепциясын ілгерілетудің маңызын атап өтті.
Жалпы алғанда, іс-шара Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара іс-қимылдың оң серпінін және рәсімдерді жеңілдетуге әрі өзара сауданы дамытуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге тараптардың ниетін растады.
Айта кетсек, Қазақстан мен Корея Республикасы арасында кедендік ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен комитет жұмыс істейді, оның шеңберінде кедендік әкімшілендірудің өзекті практикалық мәселелері қаралады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,2 млрд АҚШ долларын құрап, 1,4%-ға өсті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
03.02.2026, 19:29 506
Қазақстан мен Азия даму банкінің одан әрі ынтымақтастығының басымдықтары талқыланды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстандағы Азия даму банкінің (АДБ) Тұрақты өкілі Утсав Кумармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Азия даму банкі - Қазақстанның негізгі халықаралық серіктестерінің бірі және бұл ұйыммен 30 жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан ынтымақтастық ұзақмерзімді әрі стратегиялық сипатқа ие.
Қазақстандағы АДБ жобалары айқын әрі оң әсерін тигізіп, елдің орнықты экономикалық дамуына, инфрақұрылымды жаңғыртуға және институционалдық реформаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келеді. Біз АДБ-ның көлік байланысы мен өңірлік интеграция, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ қаржылық қызметтерге қолжетімділікті арттыру сияқты басым бағыттардағы қолдауын жоғары бағалаймыз", - деп атап өтті Е.Ашықбаев.
Сонымен қатар ол жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін арттырудың және олардың Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына практикалық қайтарымын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Министрдің бірінші орынбасары АДБ-ның Тұрақты өкілін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды экономикалық және конституциялық реформалар туралы хабардар етіп, елімізде жүзеге асырылудағы өзгерістердің басымдықтарын ескере отырып, жобаларды іріктеу бойынша жұмысты жолға қоюдың маңыздылығын жеткізді.
Өз кезегінде У.Кумар АДБ-ның Қазақстан Үкіметімен тығыз әрі сындарлы өзара іс-қимылын атап өтіп, ынтымақтастық жылдары ішінде Банктің ел экономикасына 7,5 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салғанын айтты. Сондай-ақ ол АДБ-ның серіктестікті одан әрі тереңдетуге және әлеуметтік әрі экономикалық маңызы бар жобалар көлемін ұлғайтуға дайын екенін білдірді.
Тараптар 2026 жылы көктемде АДБ Президенті Масато Канданың Қазақстанға жоспарланып отырған сапарын талқылады. Бұл сапар ҚР мен АДБ арасындағы серіктестіктің стратегиялық сипатын растайтын маңызды оқиға ретінде қарастырылуда.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша АДБ және оның Қазақстандағы өкілдігімен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.02.2026, 15:27 711
Эр-Риядта Қазақстанның конституциялық реформалары талқыланды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Шығанақ зерттеу орталығының төрағасы, өңірдегі беделді сарапшы Әбділәзиз Сақрмен келіссөздер өткізілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында Елші сұхбаттасына Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінің негізгі бағыттары, сондай-ақ жалпыұлттық референдумға шығарылатын ауқымды конституциялық реформалар туралы ақпарат берді.
М.Меңілбеков бір палаталы парламентке көшу, вице-президент лауазымын енгізу және "Қазақстан халық кеңесін" құру бастамаларына тоқталды.
Өз кезегінде Ә.Сақр Қазақстандағы конституциялық реформаларға қызығушылық танытып, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру үдерістеріне оң баға берді. Ол аталған реформалар Қазақстан тарихындағы маңызды саяси кезеңдердің бірі болатынын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.02.2026, 14:25 896
Қазақстан мен Кения екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Кениядағы Елшісі Барлыбай Садықов Кенияның Сыртқы істер және диаспора министрлігінің Еуропа және Достастық елдер департаментінің директоры Джуди Нжаумен, Сыртқы істер және диаспора істері министрлігінің Протокол басшысы Северин Люяли және Кения Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының (KNCCI) президенті Эрик Руттомен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттастарын мемлекеттік басқарудың тиімділігін одан әрі арттыруға және еліміздегі "Әділ Қазақстанды" құруға бағытталған ауқымды конституциялық өзгерістер туралы хабардар етіп, бұл мәселелер жалпыхалықтық референдумға ұсынылатыны туралы ақпаратты жеткізді.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастыққа дайындықтарын растады.
Екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша, соның ішінде ақпараттық және қаржылық технологияларды, ғарыштық, транзиттік және көліктік бағыттарды, оның ішінде Кения порттарын пайдалануды, медицинаны, ауыл шаруашылығын, туризмді, ғылыми және мәдени алмасуларды дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол жеткізілді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен шаралар, оның ішінде сауда және инвестиция, көлік, ақпараттық технологиялар және туризм салалары бойынша Қазақстан мен Кения арасында құрылған төрт сарапшылық топтар шеңберінде тиісті жұмысты жүргізуге келісті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.02.2026, 13:22 1106
Гонконгта Қазақстанмен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов Қазақстанның инвестициялық жобалары аясында іскерлік ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Гонконгтың іскер топтары мен даму институттарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, "China Kingstone Mining Holdings Limited" компаниясының өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп, гонконгтық компанияға тау-кен өндіру саласындағы жобалар таныстырылды. Компанияның жобаларды әзірлеу кезеңінен бастап өндіру және өткізуге дейін басқарудағы тәжірибесін ескере отырып, одан әрі ынтымақтастық жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілді.
Гонконгтың Сауданы дамыту жөніндегі кеңесінің (HKTDC) Орталық Азия және Еуропа бойынша өңірлік директоры Крис Лоумен және Гонконг АӘА Үкіметі жанындағы Инвестициялар тарту агенттігінің (InvestHK) халықаралық нарық, консулдықтар және сауда палаталары жөніндегі басшысының орынбасары Кейси Ламмен өткен келіссөздердің негізгі тақырыбы екіжақты іскерлік ынтымақтастықты жандандырудың практикалық қадамдары болды. Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымын Қазақстаннан экспорт көлемін арттыру арқылы ұлғайту мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Бас консул "QazTrade" Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ ұсынған 200-ден астам экспорттық тауар таныстырды. Өз кезегінде, гонконгтық тарап қазақстандық өндірушілерді 2026 жылы HKTDC ұйымдастыратын "Hong Kong Food Expo" көрмесіне белсенді қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, тараптар жасанды интеллект (ЖИ), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ), сондай-ақ заманауи сауда инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты HKTDC өкілдері бірқатар қазақстандық компанияларды 2026 жылғы сәуір айында өтетін "InnoEX" форумына қатысуға шақырды.
Бас консул алдағы жылдары Қазақстан Республикасына келетін шетелдік туристер санының айтарлықтай арта түсетінін атап өтті. Осыған байланысты "InvestHK" өкілдері Қазақстанда қонақүй кешендерін салуға қызығушылық білдіріп, бұл бағыттың туристік инфрақұрылымды дамытудағы әлеуетін ерекше атап өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша 2026 жылдың бірінші жартысында Гонконг кәсіпкерлерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру және бірлескен бастамаларды одан әрі ілгерілету жөнінде келісімге қол жеткізілді.
China Kingstone Mining Holdings Limited - пайдалы қазбаларды өндірумен, сондай-ақ мәрмәрді өңдеу және сатумен айналысатын инвестициялық холдингтік компания. Компания Қытайдағы ең ірі мәрмәр кенішіне, сондай-ақ Чили мен Моңғолиядағы кен орындарына ие.
Hong Kong Food Expo - Азиядағы азық-түлік пен сусындар саласындағы ең ірі жыл сайынғы көрме болып табылады. Ол жаңа өнімдерді ілгерілетуге, сала қатысушылары арасында іскерлік байланыстар орнатуға және азық-түлік нарығындағы соңғы үрдістер жөнінде білім алмасуға бағытталған.
InnoEX - инновациялар мен озық технологияларға (AI, ақылды қалалар, цифрлық инфрақұрылым) арналған ірі гонконгтық көрме-форум. Ол болашақ үрдістерді талқылау және ынтымақтастық орнату мақсатында сарапшыларды, кәсіпкерлерді және инвесторларды біріктіреді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.02.2026, 12:20 1721
Қазақстандағы реформалар Цзянсу провинциясының басшылығымен талқыланды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аккошкаров Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясының орталығы Нанкин қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сапар аясында Н.Аккошкаров Нанкин қаласының мэрі Ли Чжунцзюньмен және Цзянсу провинциясы Халық үкіметінің Сыртқы істер кеңсесі басшысының орынбасары Цзинь Шанцзюньмен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында тараптар Қазақстан өңірлері мен Цзянсу провинциясы арасындағы екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар қазақ дипломаты қытай тарапын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында ұсынған реформалармен таныстырды. Ел Конституциясына енгізілетін түзетулердің негізгі мақсаты, Парламентті қайта ұйымдастыру, жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы - "Қазақстанның Халық Кеңесін" құру, сондай-ақ Қазақстанның Вице-Президенті институтын енгізу мәселелері баяндалды.
Бас консул жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі түпкілікті шешім алдағы жалпыұлттық референдумның қорытындысы бойынша қабылданатынын хабарлады.
Қытай тарапы қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында өңірлік тұрақты даму үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығын түсінетінін білдірді.
Нанкин қаласына жұмыс сапары барысында Цзянсу провинциясы Халық үкіметінің Сауда департаменті, Қоғамдық қауіпсіздік департаменті және Білім департаменті басшыларымен де бірқатар кездесулер өтті.
Цзянсу провинциясы Қытайдағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі болып табылады. 2025 жылы оның жалпы өңірлік өнімі 2,03 трлн АҚШ долларына жетіп, Қытай өңірлері арасында екінші орынды иеленді. Қазақстан мен Цзянсу арасындағы өзара тауар айналымы 2,94 млрд АҚШ долларын құрап, 1,7 пайызға өсті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
03.02.2026, 10:52 2136
Ереванда қазақ-армян қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері бойынша "сағаттарды теңестірді"
Достарға айту
Қазақстанның Армениядағы Елшісі Болат Иманбаевтың Армения Сыртқы істер министрінің орынбасары Мнацакан Сафарянмен кездесуі өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Келіссөздер барысында тараптар өткен жылдағы екіжақты ынтымақтастық нәтижелерін қорытындылай келе, қазақ-армян қатынастарының тұрақты оң серпінін және практикалық бағыттылығын атап өтті. Тұрақты саяси диалог пен қол жеткізілген уағдаластықтарды жүйелі түрде іске асыру ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттар бойынша дамуына және қатынастардың стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілуіне ықпал еткені аталып өтті.
Қазақстан Елшісі конституциялық реформаның негізгі бағыттарын таныстырып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және мемлекеттік институттардың орнықтылығын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың практикалық аспектілеріне, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, инвестициялық белсенділікті ынталандыруға, өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияны кеңейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық саладағы бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды. Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы қаралды. Осы тұрғыда елдер арасындағы тікелей әуе рейстерін қайта бастаудың іскерлік, гуманитарлық және туристік байланыстарды жандандырудағы маңызды фактор ретіндегі өзектілігі мәлім етілді.
Тараптар ағымдағы жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылап, қазақ-армян қатынастарын одан әрі нығайту мен кезең-кезеңімен дамытуға бағытталған тұрақты байланыстар мен практикалық жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.02.2026, 23:29 5686
Қазақстан Сыртқы істер министрін Түркия Президенті қабылдады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Анкараға ресми сапары аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сұхбат барысында Р.Т.Ердоған екіжақты ынтымақтастықтың кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде қарқынды дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, екі ел арасындағы көпжоспарлы өзара іс-қимылды жан-жақты дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Өз кезегінде Е.Көшербаев Түркия көшбасшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен ықыласқа толы ниеттестігін жеткізіп, жоғары және биік деңгейдегі уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті.
Тараптар бауырластыққа және берік достыққа негізделген қазақ-түрік қатынастарын одан әрі нығайту жолдары мен әлеуетін талқылады. Қазақстан мен Түркияның халықаралық ұйымдарда, оның ішінде түркі интеграциясы шеңберінде өзара сенім мен қолдау рухындағы әрекеті, сондай-ақ жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша қөзқарастарының ұқсастығы жоғары бағаланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.02.2026, 22:26 5781
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлерінің Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 8-ші отырысының қорытындысы бойынша қабылдаған Бірлескен мәлімдемесі
Достарға айту
2026 жылғы 2 ақпанда Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев және Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының (БСЖТ) 8-отырысына төрағалық етті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Отырыс барысында Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтудың жолдары жөнінде сауда мен инвестициялар, мәдениет пен білім беру, энергетикалық қауіпсіздік, өңірлік байланыстылық, денсаулық сақтау, қоршаған орта, терроризмге қарсы күрес, қорғаныс және қорғаныс өнеркәсібі салаларын қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуын атап өтіп, ортақ тарих, тіл мен мәдениетті бауырластық ынтымақтастықтың негізі ретінде айқындай келе, Сыртқы істер министрлері екі елдің кеңейтілген стратегиялық әріптестігіне сәйкес көпжоспарлы қазақ-түрік ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге бейілділігін растады.
Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы берік екіжақты байланыстар мен өзара сенімді айғақтайтын жоғары деңгейдегі сапарлардың жиілігіне қанағаттанушылық білдірді. Олар мұндай сапарлар түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, осы қарқынды сақтауға дайын екенін растады.
Тараптар экономикалық қатынастардың басым бағыттарын, оның ішінде сауда мен инвестицияларды жеңілдету және әртараптандыру, ауыл шаруашылығында технологиялар трансферін және бірлескен инвестицияларды ынталандыру, қоршаған орта саласындағы ынтымақтастықты күшейту, денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету, ғылым мен технология, әсіресе киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, цифрландыру және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, энергия саудасы мен бірлескен жобалар, оның ішінде құн тізбегі бойынша мұнай мен табиғи газ инфрақұрылымы, таза энергия өндіру, электр энергиясын тасымалдау арқылы энергетика саласында ынтымақтасу, сондай-ақ маңызды минералдар мен сирек жер элементтеріне басымдық бере отырып, тау-кен саласында барлау, игеру және өңдеу бойынша бірлескен бастамалар көтеру мәселелерін талқылады.
Сыртқы істер министрлері Транскаспий Шығыс-Батыс Орта дәлізінің Орталық Азия елдерін Түркия арқылы сыртқы нарықтармен байланыстыратын орнықты әрі сенімді көлік және энергетикалық бағыт ретіндегі маңызын мойындап, екіжақты ынтымақтастықпен қатар Қазақстан, Түркия және Әзербайжан сыртқы істер министрлері мен көлік министрлерінің үшжақты тетігі, сондай-ақ өңірлік және халықаралық алаңдар, ең алдымен Түркі әлемінің негізгі көпжақты платформасы болып табылатын Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында өңірлік байланыстылықты нығайту бойынша өзара іс-қимылды тереңдетуге дайындықтарын растады.
Сыртқы істер министрлері Қазақстан Орталық Азиядағы Түркияның ең ірі сауда әріптесі екеніне ерекше тоқталып, 2024 жылғы 25 сәуірде Анкарада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 13-ші отырысының Іс-қимыл жоспарын іске асырудағы қол жеткізілген алға басуды ризашылықпен атап өтті.
Тараптар бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін жаңа қатерлерге, оның ішінде терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне, сондай-ақ өзге де трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен қатерлерге қарсы күресте үйлестірілген іс-қимыл жасасу туралы шешім қабылдады.
Тараптар қорғаныс мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты, әскери-техникалық әріптестікті және екі елдің тиісті органдары арасында жалғасып жатқан әскери диалогты жоғары бағалады. Осы ретте, Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі инфрақұрылымын бірлескен кәсіпорындар арқылы жаңғырту жобаларының маңыздылығын растады.
Қазақстан мен Түркияның Сыртқы істер министрлері екі ел арасындағы халықтар арасындағы байланыстарды екіжақты қарым-қатынастардың берік тіректерінің бірі ретінде атап өтті. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Астана қаласындағы Юнус Эмре түрік мәдени орталығы және қазақстандық студенттерге арналған "Түркия стипендиялары" бағдарламасы осы байланыстың айқын көрінісі болып табылады.
Сыртқы істер министрлері Е.Көшербаев және Х.Фидан алдағы кезеңде Астана және Алматы қалаларында "Маариф" мектептерін ашу жөніндегі ілгерілеуді құптап, бауырлас екі халық арасындағы білім беру және мәдени әріптестікті қолдауды жалғастыруға уағдаласты.
Тараптар екі ел арасында білім беру мен ғылым саласындағы, әсіресе жоғары және орта кәсіби білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде зерттеушілер мен мамандар алмасуын жандандыруды құптады.
Тараптар TIKA және KazAID-пен ынтымақтастық шеңберінде Орталық Азияда тұрақты дамуды ілгерілетуге, сондай-ақ үшінші елдердің дамуына көмек көрсетуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Сыртқы істер министрі Фидан 2023 жылғы 6 ақпандағы жойқын жер сілкінісі кезінде бауырлас Қазақстанның көрсеткен қолдауы және қазақ халқының бауырластық ниетінің белгісі Газиантеп провинциясындағы Нұрдағы қаласындағы мектеп құрылысы үшін алғыс білдірді.
Тараптар соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында қалыптасқан тығыз әрі сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалап, алдағы кезеңде институционалдық өзара іс-қимылды кеңейтуге, әлеуетті арттыру және тәжірибе алмасу арқылы бұл ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ортақ ниеттерін білдірді.
Сыртқы істер министрлері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жаһандық тұрақтылық пен төзімділікті нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.
Сыртқы істер министрлері Е.Көшербаев және Х.Фидан Қазақстан мен Түркияның ТМҰ-ның құрылтайшы мүшелері ретінде Түркі әлемінің бірлігін нығайтудың және интеграциясын тереңдетудің негізгі институттары болып табылатын ТМҰ мен өзге де түркі ынтымақтастық ұйымдарын одан әрі күшейту мақсатында ынтымақтастықты кеңейтуге дайындықтарын растады.
Осы тұрғыда, Тараптар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратын "Түркі әлемінің келешегі - 2040" құжатын іске асыру бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыруға дайын екенін қуаттады.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) құрылтайшы мүшелері ретінде Тараптар АӨСШК-тің азиялық болмысын сақтай отырып, толыққанды халықаралық ұйымға айналуын қолдады.
Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және ЭЫҰ сияқты халықаралық платформалар аясындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтті. Тараптар түрлі халықаралық ұйымдар мен лауазымдарға бір-бірінің кандидатураларын мүмкіндігінше өзара қолдау жөнінде түсіністік сақтауға уағдаласты.
Сыртқы істер министрлері Е.Көшербаев және Х.Фидан Ауғанстан, Газа, Украина және Сирияны қоса алғанда, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сыртқы істер министрлері осы тұрғыда Газа секторындағы соғысты тоқтатуға бағытталған Кешенді бейбітшілік жоспарының екінші кезеңінің іске қосылуын құптады. Олар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің № 2803 қарарымен мақұлданған және құрамына екі мемлекет те кіретін Бейбітшілік кеңесінің құрылуы тұрақты атысты тоқтатуға, Газаны қалпына келтіруге, сондай-ақ өңірде бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуге және екі мемлекет шешімін жүзеге асыруға бағытталған жаңа серпін бергенін атап өтті.
Сыртқы істер министрлері Кипр мәселесі бойынша өзара келісілген, екі тарапқа да қолайлы әрі тиімді шешімге қол жеткізудің қажеттігілігін атап өтіп, Кипр түріктерінің Түркі әлемінің біртұтас бөлігі ретінде өздерінің тең әрі ажырамас құқықтарға ие болуға деген ұмтылыстарын мойындады.
БСЖТ отырысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның тең төрағалығымен Астанада өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 6-шы отырысының мерзімі мен дайындығын, сондай-ақ 2026 жылы Қазақстанда (Түркістан) және Түркияда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының Саммиттерін ұйымдастыру мәселелерін талқылауға уақтылы мүмкіндік берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
04.02.2026, 12:31Вокзалдарда мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметі іске қосылды
29.01.2026, 21:55 144501Алматы әуежайының инвестициялық жоспарларын іске асыру мәселелері Қазақстан СІМ-де қаралды30.01.2026, 22:28 138611Мемлекет басшысына Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелері жөнінде ақпарат берілді30.01.2026, 22:19 137471Қазақстанның Сыртқы істер министрі Грузияның Елшісімен кездесті30.01.2026, 21:16 137301Афина энергетикалық саммитінде Қазақстанның энергетикалық басымдықтары мен реформалары таныстырылды30.01.2026, 20:12 137161Қазанда қазақ ұлттық-мәдени автономиясының дамуы мен 2026 жылға арналған жоспарлар талқыланды
21.01.2026, 10:52 216721Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 216641Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2152712025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді14.01.2026, 12:28 213336Kundelik vs. BilimClass: Алматы мектептерінде электронды күнделік қалай ауысты20.01.2026, 22:18 213141Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті

