10.02.2023, 13:40 44116

70 мыңға жуық қазақстандық тұрғын үйді жалға алуға субсидия ала алады

70 мыңға жуық қазақстандық тұрғын үйді жалға алуға субсидия ала алады
Сурет: pexels.com
2023 жылы осы мақсаттарға 50 млрд теңге бөлінеді

Астана. 10 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау тетігі 70 мыңға жуық қазақстандықты қамтуға мүмкіндік береді. Олар тұрғын үйді жалға алғаны үшін 50% өтемақы алады, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
 

Аталған бағдарламаға қатысу үшін өтінішті Otbasybank.kz платформасына жіберуге болады. Субсидиялауға өтініштер электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады. Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үйді азаматтар өздері іздеп, таңдауы тиіс. "Отбасы банк" тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді", - деп хабарлады ведомствода.

 
Осы орайда жалға алу төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санатқа сәйкес тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көп балалы отбасылар үміткер бола алатынын айта кеткен орынды.
 
Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орта айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.
 

"Отбасы банкі" субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ ай сайын төлем тәртібін қадағалайтын болады. Өз кезегінде жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді. Бұл орайда жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ аталған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынатынын еске сала кеткен жөн", - делінген ақпаратта.

 
Жалға берілетін тұрғын үйге өтініш беру алгоритмдері туралы толық ақпаратпен "Отбасы банк" АҚ-ның www.hcsbk.kz сайтының "Қолжетімді баспана" бөлімінде танысуға болады.
 
Бұған дейін Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру бағасының төмендеу үрдісі жалғасып жатқаны хабарланған болатын. Қаңтар айында жалдау бағасы 2,5%-ға төмендеді. 2023 жылы республикада 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
 
Сондай-ақ, қазақстандықтар алған зейнетақы жинақтарын көбінесе тұрғын үй сатып алуға немесе үй салуға немесе ипотекалық төлемдерге жұмсайтыны айтылды. Екі жыл ішінде бұл мақсаттарға 3,2 трлн теңге алынды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны